«Театрдың айналасы алқаштардың ұясы болған»: Майра Мұхамедқызы директорлық жұмысын неден бастағанын айтты

Опера әншісі Майра Мұхамедқызы Шымкенттегі опера және балет театрын аяқтан тұрғызу үшін қандай қиындықтарды бастан кешіргенін айтты. Бүгінгі таңда директор болып қызмет атқаратын өнер адамы бұл туралы Динара Сәтжанға берген сұхбатында әңгімелеп берді.

Талай шетелдік танымал опера театрлары жұмыс істеуге шақырған Майра Мухамедқызы Шымкент қаласында үш жылдан бері опера театрын басқарып келеді. Өнер адамы ең алғаш оңтүстік мегаполиске келіп, директорлық қызметті неден бастағанын сұхбатта әңгімелеп берді.

«Театрдың айналасы алқаштардын ұясы болған, сенесіз бе? Темір-терсектің, декорацияның бәрін ұрлап сатып, матрастарда жататын алқаштар. Қазір тап- таза. Театрдың ішінен бастап сыртына дейін тазаладық. Үшінші жыл дегенде аяғымыздан тұрып келе жатырмыз»,- деді Майра Мұхамедқызы.

Опера әншісі директорлық қызметін әжетхананы жөндетуден бастағанын тілге тиек етті.

«Он әжетхананың біреуі ғана істеп тұрды. Он алтыншы қаңтарда «Кармен» операсы болды. Үзілістен шықсам, кезек. Мүгедек баланы анасы әжетханаға кіргізе алмай тұрды, «бір-ақ туалет істеп тұр» деді, кейін мен жүгіріп демеуші іздей бастадым», — деді Шымкент опера және балет театрының директоры.

Бұдан бөлек Майра Мұхамедқызы кейін демеуші тауып, ғимаратты жөндеткенін, шаршаған кезде ән айтып демалатынын атап өтті.

«Одан кейін театрдың төбесі, барлық жер тесік. Су ағып тұрды, жаңбыр жауса барлық жерге шелек қойып жаңбырмен алысамыз. Демеуші тауып, осының бәрін жөндеттім. Мүгедектерге арналған әжетхана салып берді. Бірінші жұмысымды әжетханадан бастадым», — деді өнер адамы.