Қазақстан астық экспорттап отырған Иран нарығынан да айырылып қалуы мүмкін

Қазақстан астық экспорттап отырған Иран нарығынан да айырылып қалуы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстанның астық одағы» Сауда комитетінің басшысы Александр Малов айтты, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

«Біздің астық өткізетін нарықтарымыз көп емес. Сондықтан қолдау көрсетуге назар аудару қажет. Бізге нарықты реттеудің қажеті жоқ. Керісінше, оған экспорттау мүмкіндігін өзі табуына мүмкіндік беру қажет», — деді Александр Малов БАҚ өкілдеріне арналған дөңгелек үстел барысында.

Сонымен қатар ол Қазақстан астық экспорттайтын дәстүрлі нарықтарынан айырылып жатқанына назар аударды.

«Соңғы 5 жылда Қырғызстан нарығын жоғалтып алғанымыз факт. Бүгінде не орын алып жатыр? Биыл Иран нарығынан сөзсіз айрыламыз. Ресей астығы мен жемдік дақылдар, сонымен қатар арпа төмен бағасымен және көлемімен аталған нарықты басып алды. Қазақстанда да арпа негізгі экспорттық дақылдардың бірі. Бүгінде Иран бағытына біздің астық пен арпа баға жағынан да, қандай да бір көрсеткіштер бойынша да бәсекеге қабілетті емес», — деді ол.