Қазақстан мен Қытай: сәйкессіздік қайдан шықты?

Кеше Президент тағы да Қазақстан мен Қытай аралығындағы кеден қызметінде болып жатқан жағдай туралы айта кетті.

Оның айтуынша 2021 жылы өзара сауда айырмашылығы 5,7 млрд долларды құрады. Дәлірек айтсақ, аспан асты елінің деректері бойынша Қытайдың бізге экспорты 14 млрд доллар, ал біздің деректерде Қазақстанға әкелінген «қытайский» импорт 8,3 млрд доллар. Пайызыдық есеппен сәйкессіздік — 41%. Бұндай көрсеткіш, мемлекет басшысының ойынша, кедендегі коррупцияның және контрабанда барының айғағы.

Негізі бұл проблеманы алғаш рет көпшілікке таратқан Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры. 2018 жылғы зерттеуінде Қазақстан мен Қытай арасындағы кеден деректерінде 7 миллиард долларлық айырмашылық анықталды (2017 жыл қорытындысы). Пайыздық есеппен сәйкессіздік — 60% болды. Әрине, мұндай жағдайға кедендік қызметтер арасындағы әртүрлі әдістемелер болғандықтан, сондай-ақ экспорт пен импортты есепке алу мерзімі әртүрлі болуы жағдайлары әкеліп соғу мүмкін. Мысалы, Қытай Қазақстан арқылы басқа мемлекеттерге өтіп бара жатқан тауарды (транзит) біздің елдің «пайдасына» жаза салуы мүмкін. Алайда, сарапшылардың бағалауынша, статистикалық деректердегі 50%-дан астам сәйкессіздік кеден органдарында сыбайлас жемқорлық белгілерінің бар екенін көрсетеді.
Кейін мұны бір топ депутаттар қолдап, сол кездегі вице-премьер Ерболат Досаевқа жүргізілген зерттеуге байланысты депутаттық сауал жолдады.

Мойындаумыз керек, шу шыққаннан бастап кеден статистикасындағы сәйкессіздік 60%-дан 41%-ға дейін жақсарды. Бірақ, әлі күнге дейін, кейбір тауарлар бойынша статистиканы қарасақ сәйкессіздік 90%-ға дейін жетеді. Олар көбінесе киім-кишектер мен аяқ киімдер.

Айтайын дегенім, Қытаймен сауда жасағандағы статистикалық сәйкессіздік 2018 жылдан бастап емес, тіпті тәуелсіздік алғанымыздан бері келе жатыр. 1998-1999 жылдары 75-83%-ға дейін жеткен! Шыны керек, ол жылдары қытайлық импорт көлемі жарты миллиард долларға да жетпеген. Диспропорция деңгейі 2012-2013 жылдары 32-33% дейін жақсарып, 2017 жылы 60%-ға дейін күрт өзгеріпті.

Демек, бұл проблеманың мән-жайын көптен бері біледі екенбіз. Біле тұра көз жұма қараған екенбіз. Айырмашылық тек 2021 жылы 5,7 миллиард доллар болса, 1995 жылдан бастап санасақ cәйкессіздік 84 млрд долларды құрапты. Осы сәйкессіздіктің дәл жартысы әдістемелік немесе транзиттік айырмашылық деп есептесек, 27 жылда Қытайдан 42 млрд долларға жуық тауарлар еш кедендік төлемсіз, ішкі салықты төлемей, сапалаық тексеруден өтпей біздің нарығымызға келген. Олар көбінесе күнделікті киілетін киімдер, тұтыну тауарлары, балаларымыз ойнайтын ойыншықтар…

Бұл проблема Президенттің қатаң бақылауында тұрғандықтан, мәселенің дереу шешілетініне сенемін.

 

Ернар Серік,

(фейсбук парақшасынан)