Қоғамда өзін-өзі дамыта алған жастардың мемлекетке деген сенімі жоқ…

Бүгін жаңаөзендік бауырларымызбен сөйлесіп, ойланып қалдым. Көп жылдар бойы жастар саясаты деп жүрміз ғой. Бірақ, облыстағы жастар саясатының жүзеге асу деңгейін білу үшін бір нәрсеге назар аударыңызшы.

Мәселен, өңірде мықты лидердің жанына топтасқан жастар ұйымдары жоқ, студент жастар үлгі алатын, қоғамдық жұмысты насихаттайтын аға буын (жастар саясаты бойынша 30-35 жас) көрінбейді, әкімдіктің маңында жүрген жастардың өзі мемлекеттік қолдау туралы бейхабар.

«Мұқаш, көп жылдан бері енді іздеп жатқан сендерге таңмын» деген бір сөз қайрап жіберді. Жауабым жоқ, себебі, айтып отырғаны рас. Бір сарындағы іс-шаралар, форумдар мен кездесулердің берген бүгінгі жемісі, осы.

Барлығымызға қажет — ағартушылық, инновациялық, рухани, азаматтық белсенділік бағыттағы жұмыстардың өте нашар жүргізілгені көрініп-ақ тұр. Ең қорқыныштысы, кәсіби білігі мен білімі жоғары, қоғамда өзін-өзі дамыта алған жастардың мемлекетке деген сенімінің жоқтығы. Бұлай болмауы керек еді. Енді көзің жетті ме деңіз, мейлі. Солай, енді көзім жетті.

Айта кетейін, осы жағдайға кінәлілердің арасында бар екенімді мойындаймын және жоғарыдағы төтесінен қойылған сұрақ менің көңілімді қалдырмады, керісінше, өзгертуге деген құлшыныс берді.

Әрекет еткім келеді. Қай жерге дейін шабарымды кім білсін?!

 

Мұқаш Оралбай,

Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығының жастар қызметкері