Талапкерлерге негізсіз талапты жеңілдету қажет

Бұл туралы 27 маусым күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Ержан Бейсенбаев Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға сауалды жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Депутаттық сауалда «Ақ жол» партиясының ақпаратына сәйкес Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарына түсу үшін психометриялық емтихан тапсыру мәселесі бойынша талапкерлердің ата-аналары жүгінді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарына 6000 жуық студент қабылданады. Медициналық білім әлемдегі ең қымбат білімнің бірі болса да, елімізде жыл сайын тегін оқуға гранттар өте көп бөлінеді. Жыл сайын мыңдаған дипломы бар медицина мамандары еңбек нарығына шығады.

Медицина саласын таңдаған мектеп оқушыларының негізгі мотивациясы – тегін жоғары білім алып, болашақта Қазақстанда жұмыс жасап, мемлекетке пайда келтіру.

Бұрын Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарына түсу талапкерлердің жеке қасиеттері мен дәрігерлік мамандыққа сәйкестігін алдын ала бағалаусыз ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) нәтижелері бойынша реттеліп келгені белгілі. Медициналық жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге қойылатын талаптарды күшейту мақсатында психометриялық емтихан енгізілді.

Талапкерлер үшін психометриялық емтиханның қажеттілігі болашақ дәрігердің тұлғасына қойылатын талаптардың бірқатар ерекшеліктерге ие болуына байланысты. Психометриялық тестілеудің нәтижелері бойынша іріктеу комиссиясы болашақ дәрігерлердің қолданбалы қабілеттерін және олардың кәсіби жарамдылығын анықтай алады.

Бұл психометриялық емтиханды Қазақстан Республикасының кез келген медициналық университетінде тапсыруға болады.

Жоғары оқу орындары түсіндіргендей, мұндай тексерістің мақсаты талапкерлерді қабылдау емтихандарынан «құлату» емес, олардың психологиялық дайындығын сынау.

Бүгінгі күні жоғары медициналық оқу орындары жоқ басқа қалалардан медициналық ЖОО-ға түсетін талапкерлер өз ақшасына басқа қалаларға барып, психометриялық емтихан тапсырады. Егер қандай да бір себептермен талапкер бұл емтиханнан өтпесе, оған түсу емтихандарын тапсыруға рұқсат етілмейді, яғни, талапкер жоғары оқу орнына түсе алмайды.

Пандемия кезінде бұл тесттер онлайн тапсырылды, бұл барлығына қолайлы еді. Студенттердің тестілеуді онлайн немесе офлайн тапсырғанынан ешқандай айырмашылықты көрмейміз.

Бүкіл әлемде және біздің елімізде медициналық университетке түсу өте қиын. Оған қабылдау емтихандарына іріктеу талаптарының ауырлығы мен оқуға түсудегі жоғары бәсекелестік себеп. Медицинасы жақсы деңгейдегі елдерде дәрігерлікке түсу оңай шешім емес, сондықтан бұл жолды таңдаған студенттер оны басынан аяғына дейін өтуге бел буады.

Соңғы бес жылда Қазақстанда медицина кадрларының тапшылығы екі есеге артып, 23,1 мың бірлікке жетті.

Денсаулық сақтау жүйесінің барлық проблемалары, атап айтқанда, ескірген материалдық-техникалық базасы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі, ең бастысы, білім сапасын арттыруға деген ынтаның төмендігі, медицина қызметкерлері жалақысының төмендігі мен тағы басқа да жайттар бір экономикалық үрдістің нәтижесі.

Тиісінше, медициналық жоғары оқу орындарына студенттерді іріктеуді қатаңдату тиімсіз және күмәнді деп санайды депутат.

Мектеп түлектері мамандық таңдауда болашақта кім болғысы келетінін нақты білуі үшін 8-сыныптан бастап жарты жылда бір рет медициналық, өртке қарсы, полиция және басқа да ұйымдарға танымдық сапарлар өткізуді ұсынылған. Осындай танымдық экскурсиялардың арқасында болашақ талапкерлер таңдаған мамандығы туралы нақты түсінікке ие болады.