Түлектердің туған жерге тартуы

Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Жалпақтал ауылындағы түлектердің бастамасымен жүзеге асырылып жатырған іс-шараларға қатысты. Соңғы жылдары ауданымызда мектеп түлектерінің бастамасымен көптеген нысандар бой көтеруде.

Мәселен, 2022 жылы әр жылдары мектеп бітірген
түлектер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының
«Туған жер» жобасы аясында 81 млн 710 мың теңге қаражатқа 42 жоба атқарылды, 2023 жылдың аяғына дейін 70 млн 750 мың теңге қаражатқа 43 жоба жүзеге асырылады.
Аудан әкімі алдымен Ғ.Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебіндегі соңғы қоңырау салтанатына қатысып, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі. Содан соң ауылдағы 20 жылдық мектеп түлектері тарту еткен «Жалпақтал» жол аркасы, 30 жылдық мектеп түлектерінің бастамасымен бой көтерген «Ту тұғырының» ашылу салтанаты мен 50 жылдық мектеп түлектерінің «LED экран» сыйға тарту іс-шарасына қатысып, түлектерге ришалығын білдірді.

— Туған жерге тағзым етіп, туған ауылды көркейтіп, туған елдің дамуы мен гүлденіп көркейе түсуіне ат салысып, ел болашағының отансүйгіштік, қайырымдылық сынды патриоттық сезімдермен өсуіне тигізген азаматтық үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Елімізге белгілі айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлының «Адамның кіндік қаны тамған жерге, Маңдайының тері де таму керек» деген керемет сөзі бар. Сіздер игі істеріңіз арқылы келешек ұрпаққа үлгі болып отырсыздар, — деді аудан әкімі.

Жалпақталдағы қуаныш тойында жерлес журналист Гүлнар Сабырқызы Қапашеваның «Көңілім аш болмасын десең…» атты кітабының тұсауы кесілді. Аудан руханиятын толықтырған кітапты Гүлнар Сабырқызының апасы Айгүл Сабырқызы мен қызы Аңсағаным Жанұзаққызы таныстырып, кітапхана қорына табыстады.

Асылбек НӘСІПҚАЛИ