Көкшетау қаласында «Street Workout» жазғы маусымының ашылуы өтті

Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының «Street Workout» жастар қозғалысымен бірлесе «Street Workout» бойынша облыстық ашық чемпионатының жазғы маусымының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.  

«Street Workout» — әуесқой спорт түріне, дене шынықтыруға жатқызылуы мүмкін және спорттық субмәдениет  көше гимнастикасы. Негізгі мақсаты – жастардың заманауи талаптарын ескере отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру және өскелең ұрпақ үшін «Street Workout» спорт түрін насихаттау.

Аталған шараға Ақмола облысының аудандары мен қалаларының және еліміздің өзге қалаларынан келген 60-тан аса жас спортшылар қатысты. Шара, «Мультилифтинг» (16,24 кг салмақтағы), «Троеборье» және «Фристайл» сияқты 3 негізгі номинациялары бойынша өткізілді.

«Street Workout» — жастар мәдениетінің ең танымал және қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Аталмыш турнир Көкшетау қаласының орталық саябағындағы мамандандырылған воркаут алаңында өтіп, оған біздің өңірдің қатысушылары ғана емес, өзге өңірлерден қатысқан жас спортшылар болды. Аталған іс-шара жастарға салауатты және дененің шынығуын қалыптастыруға, жастарды спортқа баулуға және өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді. Жазғы маусымның ашылуымен әрбір адам жеке жаттығуларға жазыла алатынын, сондай-ақ, аталмыш спорт түрінің қатысушысы бола алатынын ескертеміз» — деп Ақмола облысының «Street Workout» қозғалысының негізін қалаушысы Имран Ибрагимов атап өткен болатын.

Жарыс қорытындысы әр номинациядағы ұпайларды жеке-жеке қорытындылау кезінде шығарылды. Түрлі номинациялардан ең көп ұпай жинаған 3 қатысушы жеңімпаз атанды. «Фристайл» номинациясының қорытындысы бойынша бірінші орынды – Виталий Давлетов, екінші орын —  Кирилл Сумбаев және үшінші орынды – Данил Рябов иеленді. «Тоеборье» номинациясында бірінші орын – Олеся Фомина, екінші орын – Карина Журбина ал үшінші орын – Игорь Сергеевке бұйырды. «Мультилифтинг» номинациясының нәтижесі бойынша бірінші орын – Петропавл қаласынан келген Никита Сафонов, екінші орын – Дамир Абдрахманов ал үшінші орынды – Даниал Кенжеғалиев иеленді.

Турнир соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, ал жеңімпаздар дипломдар, медальдар, ақшалай сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.