«Елтаңба намыстан туды»: Жандарбек Мәлібеков Алматы облысының жастарымен кездесті

Тәуелсіз елдің елдігінің айғағы — Рәміздер. Мемлекеттің мәңгілік асылы да солар. Оны ұлықтау мен құрметтеу ұлтқа парыз. Осы орайда, Алматы облысында дәстүрден жаңылмай ҚР мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков өңір жастарына тарих тағылымымен бөлісіп, өміршең өсиеттер туралы сөз қаузап, дидарласты.
4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында өткен кездесуге аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев та қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде рәміздер ел тарихындағы ең маңызды сәттерде – ұлттық мерекелерден бастап спорттық жеңістерге дейін біріктіретінін тілге тиек етті.

«Жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүю, Мемлекеттік Рәміздерді ардақ тұту, тіл мен дін сияқты рухани дүниелерді дәріптеуге бағытталған жұмыстарды жүргізу болашақта бірлігі мығым, саясаты берік мемлекет құрудың түпқазығы екені баршаға аян. Біз жастарды тәрбиелей отырып, ертеңгі күнгі ел мен жердің иесін тәрбиелейтінімізді ұмытпауымыз қажет», – деді облыс басшысы.

Ал өз кезегінде Жандарбек Мәлібеков, Елтаңбаның сызбасы намыстан туындағанын айтып,тұтас елдің егемендігін айшықтаған, мемлекеттің қастерлі құндылығының өмірге келу тарихына тоқталды.

«Ата-бабаларымыз қанша ғасыр бойы тәуелсіздікті аңсап өтті. Бүгінде біздің Елтаңба 194 рәміздің ішінде геральдикасы бойынша да, басқа белгілері бойынша да 9-орында тұр. Жеріміздің кеңдігі секілді бұл рәмізде жастар да, қарттар да, тарих та, ұлттың басқа нышандары да сыйып тұр. Жалғыз шаңырақтың өзінің бірнеше мағынасы бар. Ал енді бұл Елтаңбаны мен намыстан туды деп айта аламын. Өйткені, сол кездерде Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, жаңа ғасырға аяқ басқан. Сонда төрткүл дүниеге бәрімізді паш ететін дүние керек болды», – деді Елтаңба авторы.

Бұған дейін де ол еліміздің бірнеше елдімекенін аралап, жастармен, оқушылармен, студенттермен кездесу өткізген. Десе де, қарт рәміздердің өз деңгейінде насихатталмай жатқанын сөз етті.
«Құрметті, жастар сіздер болашақтың іргесін қалаушылардың қатарындасыздар. Қазір Алматы облысында еңбек етіп жатқан жастың әрқайсысы тарихта қалуы тиіс. Өйткені, жаңа өңірде қызмет етіп, маңдай терін төккен әр маманның еңбегі ерен. Ал сендерге Абайдан артық ақыл айта алмаймын. Бес нәрседен қашық, бес нәрсеге құштар болыңдар. Өзге тілде сөйлесеңдер де, өз тілдеріңді құрметтеңдер. Сапалы білім алып, саналы болуға тырысыңдар», – деді Жандарбек Мәлібеков.

Сондай-ақ, жиын барысында Елтаңба авторы былтыр ғана құрылған Алматы облысы жаңа өркениеттің алдында тұрғанын айтып, бұл өңір бағзыдан экономикасы дамыған, басқа жерден қарағанда көш ілгері болғанын да тілге тиек етті.

«Бұл жерден өздеріңізге белгілі «Алтын адам» табылды. Яғни, мұнда осы заманға дейін де мықты өркениет болған. Былтыр екіге бөлінген Алматы облысы қазірде Алатаудың бөктерінде жатыр. Өңір жаңа өркениет басталуының алдында тұр», – деді Жандарбек Мәлібеков.

Шара соңында жастар тұшымды ойымен бөліскені үшін қарияға алғыс айтты. Ал облыс әкімі құрметті қонақтарға дәстүр бойынша шапан кигізіп, сый-сияпат табыс етті.