Постсоветтік кезеңнің соңы

Бұрынғы уақытта небір азаматтар ту көтеріп майданға шыққанда ел ұйқылы-ояу жатушы еді, енді ел шулап алаңда жүр, ішінде ту көтеретін азамат жоқ. 30 жылда жеткен нәтижеміз осы, кезінде ел болып азаматтарды қорғай алмадық, енді билікке сауатты түрде уәж айтатын адам жоқ.
Егер мәселе газдың қымбатшылығы сияқты әлеуметтік- экономикалық саясаттағы олқылықтар туралы болса Парламент жауаптыларды шақырып алып, сазайын беріп, бірді-екілі адаммен шешілмейтін болса үкіметтің доғарысқа кетуін талап етуі керек еді. Ондай білікті, табанды Парламент жоқ, бірді-екілі жігіттер ФБ алаңынан елге басалқы айтып жатыр, басқалары үнсіз. Неге үнсіз? Себебі екі сөздің басын қосып айта алмайды, елді ерте алмайды, өздерін еш адам танымайды, кеше ғана ант сөздерін қалай мыңқылдап тұрғанын естідік.
Егер мәселе саяси бағытта болса, ал газдан басталған мәселе жалпы қымбатшылыққа қарсы наразылыққа ұласып, одан «шал-кетпен» аяқталып жатыр, ол жағдайда іске саяси партиялар кірісуі керек еді. Бізде халық сеніміне бөленген, билікке қарсы бірдеңе айта алатын саяси партия бар ма ? Жоқ ! Саясат алаңын да көкеміз бен оның командасы тап-таза қылып, қырып-жойып тазалап тастаған.
Парламент, Партия болмаған жағдайда басқа азаматтық қоғам институттары бар ма десең, олар да жоқ. Азаматтық қоғам орта тап, өзіне сенімді шаруа иесі бар жерде құрылады, жаман салдаман мәшинесі, ипотекаға алған екі-үш бөлмелі пәтері бар қазаққа азаматтық қоғам құр деп қалай айтасың ?! Қазақ қоғамының негізгі бөлігін дәл осындай ілініп-салынып, бюджетке жалынып жүрген адамдар құрайды.
Мүмкін Парламент жоқ, Партия жоқ, Азаматтық қоғам жоқ, дегенмен елге жаны ашитын әр деңгейдегі әкім-қара бар шығар ? Олар жоқ және болуы мүмкін емес. Неге ? Мемлекет қызметіне келу үшін елге абыройлы, арлы болу шарт емес, керісінше өзіңнен жоғарыдағы басшыға сенімді болуың шарт. «Ақымақ болсаң бол, маман болмасаң ол да ештеңе етпейді, тек сенімді бол, жағымпаз болсаң тіпті жақсы». Әлемнің ең озық елдері меритократия принципіне, яғни адам қабылетіне сүйенеді, ал бізде керісінше. Нәтижесінде біз тек экономикада ғана емес өмірдің барлық саласында кері кетіп барамыз.
Осыны қара халық көріп отырма, әрине көріп отыр, көрмесе де ұлтқа-мемлекетке бір қауіптің жақындап келе жатқанын сезеді. Этнос –ол ең алдымен биологиялық, одан кейін әлеуметтік ағза. Газдың қымбаттауы тек сылтау ғана, мәселе бүкіл жүйенің ел пайдасына жұмыс істемеуінен туындап отыр.
Билік көп заман елді бір-біріне қарама-қарсы қойып басқару тәсіліне сүйенді, бұл сайлау науқандары кезінде орыс және қазақ тілділерді бөліп тастауда жақсы көрінеді. Оның үстіне «сақалы бар, мұрты жоқ» конфессиялар да көбейіп кетті, діні бөлек адамның ниеті де бөлек. Осы 30 жылдықта қазақтың трайболизмі неге өршіп кетті ? Оны өршітіп отыратын жауапты адамдары бар екені анық. Кешелі-бүгін бас көтерген ел «Қазағым-елім» деп жатса, бір ақынсымақтар «пәленше ру, түгенше тайпа қайдасың ?» деп ұрандатып жатыр.
Осындай жағдайдамыз, ағайын ! Айта берсең әңгіме көп, мәселе сынауда емес, мәселе қиыннан жол табуда. Отыз жыл осының ені қашан түседі деген қасқырша қошқардың соңынан еріп келдік, жоққа шығаруға болмайды, талай қиындықтардан өттік, бірақ әр адамның, ол құрған жүйенің уақыты болады. ЕБ құрған постсоветтік жүйенің уақыты аяқталып келеді. Өтпелі уақытта компрадорлық билік, дәл сондай буржуазия болатыны заңдылық. Ол жүйеден бірден шығып кетейін десең мына жақта Ресей, мына жақта Қытай көз тігіп тұр. Екеуі де өз ішіндегі құлдық санаға, империялық пиғылға сүйенген алып елдер. Бізге тек эволюциялық, яғни төңкеріссіз жол керек.
Ол жол қандай ? Менің ойымша жалпы қазақстандық наразылық бір басталды, енді біразға дейін тоқтамайды, осы қозғалыстың барысында жаңа көсемдер институты қалыптасады. Тек ел демогогтар емес, адал, іс басқара алатын тәжірибесі барларын таңдап жергілікті мәслихаттар мен әкімшіліктерге сол азаматтар қызметке кіруі керек.

Профессор Жамбыл Артықбаев.