Айбек Әбзелбек. Жол мәселесін бір ауыз сөзбен шешкен оқушы қазір қайда екен?

Әлеуметтік желіде мектепке барып қайту үшін күніне 9 шақырым жаяу жүретін оқушылардың жанайқайын жеткізген жасөспірімнің видеосы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды «ozgeris.info» тілшісі.

Бейнежазба осыдан 8 жыл бұрын Жамбыл облысы Жуалы ауданында түсірілген.

2014 жылы Күреңбел ауылының орта мектебінде оқитын оқушыларды тасымалдайтын автобус аудандық білім бөлімінің шешімімен қатынас тоқтаған. Соның салдарынан балалар мен ұстаздардің мектепке баруы қиындаған. Бұл мәселені ауыл халқы бей-жай қалдырмай, тасымалды қайта жандандыруды талап ету үшін журналистерді шақырып, сұқбат берген.

Пікір білдірушілердің ішінде 7-сынып оқушысы Айбек Әбзелбек те болған.

«Мектепке жаяу барып, жаяу келеміз. Қосымша сабақтар дейді, басқа нәрселерге шақыртады. Бармасаң тағы ұрсады. Барсаң тағы бәле, бармасаң тағы бәле. Бұл әзірге ештеме емес, алайда қыста қиын болайын деп тұр. Өйткені аяқ киім шақ келмейді. Кемінде бір балаға 2 аяқ киімнен керек. Біздікі ештеме емес, үйде 4 баламыз. Ал кейбіреуінде 7-8 бала бар. Сонда олардың жағдайы не болмақ?»— деді жасөспірім.

Желі пайдаланушыларын оқушы баланың сөйлеу мәнері тәнті етті.

«Қалай ойын жинақы айтып тұр? Біз болсақ, сасқалақтап екі сөздің басын қоса алмаймыз», «Тақылдап тұр екен», «Болашақ депутат қой», «Дәл осы баладай біздің Үкімет жарытып сөйлей алмайды»,—деп пікір білдірді қолданушылар.

«Адырна» тілшісі бір сәтті Қазнетте жұлдыз болған баламен тілдесіп, бейнежазбаның қалай таралғанын сұрады.

«Өзім шок болып жүрмін. Шыны керек, бұл видео әлеуметтік желіге кездейсоқ салынды. Оны жүктеу мүлдем ойда жоқ болатын. Жақында ғана танысқан дос балам өзінің TikTok парақшасына салып, біраз қаралым жинап үлгеріпті. Қазір жан-жақтан хабарласып, бағдарламаларға шақырып жатыр»,—деді Айбек.

Айтуынша, тұрғындар көтерген мәселе БАҚ бетіне шыққаннан кейін бірден шешілген.

Қазір Айбек Әбзелбек 21 жаста.

«әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім аламын. Тарих факультетінің 4-ші курс студентімін»,—деді ол.

 

ozgeris.info

adyrna.kz