А.Баққожаев: Біз қазір билікті жөнсіз сынай беріп, биліктің беделін түсіріп тастадық

Бұл туралы ҚР Парламент Мәжіліске Ауыл партиясынан сайланған депутаты Анас Баққожаев, «Jibek joly» телеарнасының «JJ Talk Ерболат Мұхамеджанмен» пікір-талас бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Мемлекет басшысы елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түскені туралы депутат өз пікірін білдірді.

«Толығымен ықпалды Парламент десек те, әрбір сөзі өте береді деген концепция жоқ. Егер Парламент жақсы жұмыс істеп, нәтижесінде жақсы заң шығарса, бұл заң нақты ықпалды деген сөз», — деді ол.

Депутат қазіргі 8 шақырылымның жұмысын бағалап, Мәжіліс өте тату жұмыс істеп келе жатқаны туралы бөлісті.

«Бірінші рет келіп отырмыз Парламентке, өз басым маған ұнағаны, жан-жақты, әр саланың мамандары, өткір, қорықпай батыл сөйлейді және еңбектен қашпайды. Мен риза болғаным бұл шақырылым өте әдемі жиналды. Бұл туралы Президент те өте жақсы айтты», — деді А.Баққожаев.

Депутаттың Маслихаттарға қатысты жұмысын да айтып, өңірлердегі мәселелерге тоқталды. Алайда оның сөзінше, қазіргі Маслихаттарда Мәжілістегі алты саяси партиялардың өкілдіктері де жұмыс істеп жатыр.

«Маслихат аудандық деңгейдегі кішкентай Парламент. Аудандық бюджет бөлінген кезде қандай мақсатта жұмсалу керек, соны Маслихатпен келісу керек. Бірақ көп өңірлерде Маслихат формалды жұмыс істеп жатыр. Ол рас. Себебі қарастырылатын мәселелердің материалдарын бір-екі күн қалғанда беретін жағдайлар да бар», — деді «Ауыл» фракциясының депутаты.

Саяси пікір-талас бағдарламасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде реформалардың тиімді жүзеге асырылуы, Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің жұмысы, азық-түліктің қымбаттауы, инфрақұрылымдардың дамуы және басқа да мәселелер талқыланды. Ауыл партиясының депутатымен бірге бұл талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров пен Нұртай Сабильянов қатысты. Толық талқылауды пікір-талас бағдарламасында көре аласыз.