ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ТҮРКИЯҒА ҒЫЛЫМИ ІССАПАРЫ

Түбі бір түркі әлемін жақындастыра мақсатында қазіргі таңда барша түрк елдерінде түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Әсіресе, біздің елдегі соңғы жалдардағы түркі халықтарының бірлігін нығайтып, қатынасын жаңғыртып, рөлін айшықтау жолындағы атқарып келе жатқан қызметі зор. Соның ішіндегі түркітану ғылым саласының еліміздегі дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ғалымдарымыз да бар. Осындай ғалым

Түркітанушы ғалымдарымыздың бірі әрі бірегейі, осы мамандық бойынша кадр дайындауға өзіндік ерекше үлесін қосқан ғалымымыз Авакова Раушан Амирдинқызының үлесі жоғары. Ол кісінің ғылыми жаңалықтары ғана емес, осы саладағы ұйымдастырушылық жұмыстарда белсенділік танытып жүргендгін ерекше атауға болады.

Жақында еліміздің тіл біліміне және түркітанудың барлық салаларына молынан еңбек сіңірген, салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулердің жетекші маманы, кәсіби лингвист мамандарын оқыту ісінің тәжірибелі үздік ұстазы, белді филолог-қайраткеріміз, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультеті «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызының 60-жылдық мерейтойына орай Стамбул университетіне қарасты Фараби еуразиялық зерттеулерді ұйымдастыру және зерттеу орталығы (FAMER) және Әл-Фараби ат. ҚазҰУ бірлесе ұйымдастырған «ТҮРКІ ФРАЗЕОЛОГИЯСЫ: ЗЕРТТЕЛУІ, ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ МЕТОДОЛОГИЯСЫ ЖƏНЕ БОЛАШАҒЫ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы сәуірдің 24-28 аралығында ерекше өнімді өтті.

ҚазҰУ ғалымдарын, делегаттарын ерекше ілтипатпен, ресми протоколдың жоғары стандартымен қабылдаған тарихы терең көне Стамбул шаһарының қақ төрінде, әйгілі Стамбул университетінің ректорлық ғимаратында Конференцияның ашылу салтанатын Стамбул университетінің FAMER директоры, ғылым докторы, профессор Абдулла Кызылжык (Abdullah Kızılcık) қарсы алу сөзімен өрнектеп, екі елдің халықаралық академиялық белсенділік аясындағы қарым-қатынастарымыздың одан да әрі жемісті болуына кәміл сенімін білдірді.

Стамбул университетінің ректоры Махмут Ак мырза құттықтау нотасын тапсыру үшін алғашқы болып сөз бастап, Түркия мәдениет департаментінің басшысы Стамбул университеті Филология факультетінің деканы ғалымның түркі дүниесіне қосқан үлесі туралы ыстық лебіздерін білдіріп, мерейтойға сый-сияпат жасады.

ҚазҰУ Түркітану және тіл теориясы кафедрасының ұлағатты ұстаздарымыз – ф.ғ.к., доцент Акимишева Жанар Абдисадыққызы және ф.ғ.к., аға оқытушы Бектемірова Сәуле Бекмухамедқызы конференцияның күн тәртібіне қойылған түркітану, түркі тіл білімі аясындағы ғылыми ізденістердің қазіргі көкейкесті бағыт-бағдарларын және түркі тілдеріне ортақ фразеологилық қордың зерттелуі мен құрастырылуының ғылыми-теориялық негіздерін баяндап берді, Әл-Фараби ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, ҚазҰУ басшылығы мен факультеттердің оқытушы-педагогикалық құрамы атынан Стамбул университетінің басшылағы мен ғалымдарына арнап құттықтау лебіздерін жолдады. Филология факультеті деканы Жолдасбекова Баян Өмірбековна ҚазҰУ ректорының марапат хатын табыстап, отандық бірқатар түркітанушы мамандар мен ғалымның шәкірттері құттықтау сөз арнады. Сонымен қатар, Тараз мемлекеттік Ұлттық университеті, Атырау мемлекеттік Ұлттық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университетінің өкілдері арнайы құттықтау ноталарын табыстады.

Конференцияның кезекті бөлігі Стамбул университеті, Фараби ҒЗО қабырғасында конференцияға қатысқан Қазақстан және шетел ғалымдарының жаңашылдықтарға толы ізденістерінен сыр ашатын ғылыми баяндамалар оқуларына ұласып, әділқазылар тарапынан қызу талқы мен қолдау таптырған осы ізденістердің әлемдік және отандық лингвистика саласында едәуір жетістіктерге жеткенін аңғартатын айғақты куәсі болды. Бұл, әрине, – конференцияға қатысушы ғалымдардың бойындағы зеректік, ұшқыр ой, дарындылығы мен дайындықтарымен қатар, ҚазҰУ ректоры және ҚазҰУ басшылығының, филология факультетінің жетекшілері мен озық мамандарының, «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының профессорлық-оқытушы құрамының және ардақты ұстаздарының ерекше қамқоры мен қолдауы арқасында өсіп-өнген ортақ жемісіміз.

Авакова Раушангүл Амирдинқызы 500-ден аса ғылыми еңбектердің авторы: 5 – монография, 4 – оқулық; 7 – оқу құралы , 3 – оқу–әдістемелік нұсқау, 2 – сөздік, 30 – аса жалпы тіл білімі, түркітану мамандықтары пәні бойынша фундаменталды типтік бағдарламалардың авторы. Ғалымның жетекшілігімен 13 ғылым кандидаттары 10.02.02 – қазақ тілі; 10.02.19 – тіл теориясы; 10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және салғастырмалы тіл білімі мамандықтары бойынша, 2 – PhD докторы дайындалды. Авакова Раушангүл Амирдинқызы мемлекеттік іргелі 5 ғылыми-зерттеу жобалардың жетекшісі болды.

ҚазҰУ жетекшілігі, филология факультеті, «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының барша мүшелері білім ордамыздың мақтанышы, білім қайраткері, тілтану саласының майталман арысы, ардақты ғалым-аруымызды Раушангүл Амирдинқызы 60-жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Жасыңызға жас қосылып, шырайлы жүзіңізде шуақты күлкі орнап, Тәңіріміздің шексіз мейіріміне һәм қуанышқа толы баянды әрі ұзақ ғұмырды, зор денсаулықты, есепсіз тың жаңа ғылыми жетістіктердің иесі болуыңызға әрдайым тілектеспіз! Осылайша рухымызды тебірентіп, көтермелеп, ғылымның асу-асу белестерін мүдірместен алқымдап жеңуге әрдайым шақыратын, бәріміз де бой түзейтін, халықитың шапағатына, ел құрметіне бөленген үлгілі ұлы тұлға, Ел тұтқа мәртебесінде көп жасаңыз!

Түркітану және тіл теориясы кафедрасы оқытушысы

Ешметова Балжан,

1 курс магистранты Бекмұхамедов Рақымжан