Қазақстан Ресейге салынған санкцияларын орындауы керек

Қазақстан Ресейге салынған халықаралық сауда санкцияларын орындауы туралы «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев айтты. Ол 3 мамыр күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында тиісті депутаттық сауалын Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Өткен аптада бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ-тың Қаржы және сауда министрліктері мен Ұлыбританияның Санкциялар басқармасы делегациясының Ресейге қарсы шараларды айналып өтуге көмектескені үшін қазақстандық компанияларға Украинада соғыс басталғалы бері халықаралық қауымдастық енгізген қайталама санкциялар қолдану қаупі артқанын мәлімдегені туралы хабарлады.

Атап айтқанда, халықаралық серіктестер Қазақстаннан Ресейге электроника экспорты көлемінің 22 есеге күрт ұлғайғанына күмән келтіреді, мұны олар үшінші елдерден санкцияланған өнімдерді «параллельді импорт» және жалған транзит жолымен жасырын ре-экспорттау, яғни, Еуропадан келетін тауарлар біздің елге жетпестен, ресейлік компаниялар түріндегі түпкі тұтынушыларға жарты жолда «қайта сатылу» тәжірибесімен байланыстырады.

Сонымен қатар, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі халықаралық құқық пен әлемдік қауымдастық енгізген сауда шектеулерін сақтауды жақтайтынымызды бірнеше рет растады.

АҚШ Қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг пен АҚШ Сауда министрінің көмекшісі Мэттью Аксельродтың мәлімдемелері БАҚ-та екіұдай мағынада таралғанына байланысты және қайталама санкциялар салынған жағдайда экономикамызға, бизнесімізге және жалпы өмір сүру деңгейіне үлкен экономикалық зиян келетіні белгілі, делінген депутаттық сауалында.

Осы жағдайды ескере отырып, «Ақ жол» депутаттық фракциясы халықаралық санкцияларды мүлтіксіз орындауға және бірқатар сауалдарға жауап беруді сұрады.

«Бірінші, аталған делегация біздің елге қандай да бір практикалық талаптар қойды ма, атап айтқанда, халықаралық шектеулерді бұзған нақты қазақстандық компанияларды немесе банктерді атап өтті ме? Аталған болса, мұндай заңбұзушылықтарға қандай компаниялар жол берген және оларға қатысты тергеу жүргізіле ме?

Екінші, Ресей Федерациясымен саудада халықаралық санкцияларды сақтау бойынша Үкімет тарапынан қандай нақты шаралар қабылданып жатыр? Соның ішінде, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда көлемі мен экономикалық байланыстардың ауқымын ескере отырып, ірі бизнес пен ШОБ деңгейінде санкцияланған тауарлардың тізбесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге байланысты.

Үшінші, сауда-экономикалық қарым-қатынастардың ауқымын ескере отырып, үкімет Ресеймен саудада көрсетілген шектеулерден Қазақстан экономикасына келетін потенциалды шығынды есептеді ме, есептелсе, үшінші елдермен мұндай шығынды өтеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр ма?», — делінген депутаттық сауалда.