«Ақ жол» партиясы инвестицияларды қолдауды және қорғауды талап етеді

20 сәуір 2023 жылы Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының инвестиция тарту мәселелері туралы депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары М.Нұртілеуге және Бас Прокурор Б.Асыловқа Азат Перуашев жариялады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен Үкімет отырысында Президент Қ.Тоқаев бүгінде әлемде инвестиция үшін үлкен күрес жүріп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты ол инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырған болатын.

«Үкімет пен әкімдер инвестиция тарту жұмыстарын айтарлықтай күшейтуі керек. Біз барлық экономикалық саясатты экономиканы әртараптандыруға, индустриялизация мен инвестиция тартуға бағындыруға тиіспіз…

Салықтық жеңілдіктерді негізінен қосылған құны жоғары өндіріске инвестиция тартуға және жоғары технологиялық экспортты ынталандыруға қайта бағыттау керек», — деді Президент.

«Ақ жол» партиясы осы мәселелерге қатысты Мемлекет басшысының алаңдаушылығын назарға алады.

«Бүгінде Қазақстан қоғамға жұмыс істеп тұрған зауыттардың орнына әдемі таныстырылымдар ұсынатын «слайд экономикасы» мен де-индустриялизацияның тұйық шеңберіне түсті. Ал, мемлекетке нақты өндірістер мен оларды дамытатын адамдар керек.

Аталған тапсырмаларды ескере отырып, біз тағы да «Ақ жол» фракциясы талай рет көтерген инвестицияларды тартуға қажетті серпін бере алатын ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз. 

Мәселен, 2015 жылы бизнес Кәсіпкерлік кодекске «инвестициялық субсидия» сияқты қолдау түрін енгізуге қол жеткізді — кәсіпорын жобалық қуатына жетіп, инвестиция көлемі 30 миллион доллардан асқан (5 миллион АЕК) кезде инвестицияланған қаражаттың 30% дейін инвесторға қайтарылатын.

Осындай қатаң талаптарға қарамастан, бірқатар кәсіпорындар бұл шарттарды орындады, бірақ мемлекеттік органдар өздерінің заңды міндеттерін орындаудың орнына алдымен жалаң жауап қайтарумен шектелсе, кейін бұл ережені шығыны көп деген желеумен толығымен жойып тастады. Алданған инвесторлардың өтініші бойынша «Ақ жол» фракциясы 2017-18 жылдары үкіметке заң нормаларын орындауды талап етіп бірқатар өтініштер жолдағанымен, нәтиже болмады.

Дегенмен, бұл құрал сәтті қолданылып, халықаралық тәжірибеде инвестиция тарту факторы ретінде қызмет етіп жатыр.

«Ақ жол» фракциясы инвестициялық субсидияларын, бюджет шығынын болдырмау үшін (үкімет осыған қарсылық білдірген) инвестицияның 30 пайызын бюджеттен траншпен емес, салықтар мен басқа да бизнес міндеттемелерін есепке алу арқылы қайтаруды ұсынады.

Бұл жағдайда бюджет кірістерінің «түсімі» болмайды, өйткені бұл инвестициялар бүгінде жоқ. Ал, бұл артықшылық олардың пайда болуына және жаңа өндірістерді, жаңа технологиялар мен жұмыс ашуға нақты ынталандырады.

Сонымен қатар, біз өндіруші сектордың неғұрлым икемді сегменті ретінде орта бизнесті қолдау басымдығы туралы президенттің ұстанымын толығымен қолдаймыз. Сондықтан біз бұл ережені орта бизнеске қолдануды ұсынып,  инвестициялық субсидиялаудың инвестициялық шегін 3 миллион долларға (400 мың АЕК) дейін төмендетуді ұсынамыз.

Келесі. Халықаралық тәжірибеде тиімді жеңілдіктер өндіріске қайта инвестициялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға) бөлінген пайдаға салықтан босатуды да қамтиды.

2021 жылы Үкімет Салық кодексіне мұндай жеңілдікті енгізді, бірақ инвестициясының көлемі 15 миллион доллардан (2 миллион АЕК) асуы  міндетті шарт болып табылатын «инвестициялық басым жобаны жүзеге асыратын» кәсіпорындар үшін ғана. Сондықтан, осы уақытқа дейін мұндай инвестициялық келісімшарттарды санаулылар ғана жасасқан.

Бұл арада экономикаға жеке алпауыттар емес, жаппай индустрияландыру қажет, бұл орта бизнессіз мүмкін емес. Оған қоса, инвестицияларды ынталандыру (демек, компаниялардың негізгі қорларын ұлғайту) орта бизнестің ірі компанияларға біртіндеп «айналуының» нақты құралы бола алады.

Осы мақсатта «Ақ жол» фракциясы негізгі көзге (ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар) қайта инвестицияланатын табысты, шекті мәнін 3 миллион долларға (400 мың АЕК) дейін төмендете отырып ҰТС босату туралы норманы орта бизнеске де қолдануды ұсынады.

Мұндай шешім нақты айналымдарды көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді және бизнесті бөлшектеудің орнына (салықтарды оңтайландыру мақсатында) оларды технологиялық дамуға және кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын кеңейтуге бағыттайды.

Біздің фракция инвестицияларды қолдау бойынша осы және басқа да бастамаларды ұдайы көтергенімен, әрдайым Үкіметтің түсінбеушілігіне тап болған.

Инвесторлар сенімінің ең маңызды шарты – мемлекеттік органдармен қарым-қатынас өз алдына бөлек мәселе.

Өкінішке орай, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларда соттар көбінесе заңды емес, «бюджет мүддесін» басшылыққа ала отырып шешім қабылдайды. Мұны бақылаушы органдардың шенеуніктері «мемлекет мүддесі» кез келген іскерлік дәлелдерден асып түсетініне сенімді бола отырып, қисынсыз бұзушылықтарды ойлап тауып, кеңінен қолданады.

Осының негізінде қосымша салықтарды есептеу мен табысты кәсіпорындарды банкроттыққа мақсатты түрде жеткізу; бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу және өз есебін түгендеу кең етек алды.

«Ақ жол» демпартиясының поштасы осындай мысалдарға толы. Ал ашық дереккөздерде әкімдердің инвесторлардан бизнестегі үлесті қалай талап еткені, т.б. хабарламалар кездеседі.

Кеше президент Қ.Тоқаевтың да әрбір елеулі инвестициялық жобаға прокуратура қызметкерлерін белгілеуді тапсырғаны бекер емес.

Инвесторларды қорғау – салық жинаудан немесе шенеуніктің «абыройынан» кем емес мемлекеттік міндет екенін соттар мен мемлекеттік органдар әлдеқашан түсінуі керек еді.

Біз Бас прокуратурадан инвесторлардың заңды мүдделеріне араласып, қорғауды, сондай-ақ табысты инвестициялық жобаларды қасақана жойып жатқан лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды талап етеміз. 

Тек осы жағдайда ғана біздің елдегі бизнеске және инвестициялық ахуалға қысым жасауға жол берілмейтіндігі туралы солардың мысалы негізінде басқаларға ескертпе болады», — делінген толық депутаттық сауал мәтінінде.