Республикалық QAZAQ CLUB-тың 2022 жылғы атқарған жұмыстары бойынша халық алдындағы есебі

«Qazaq club» 2022 жылғы жұмыстарын 2019 жылы тұсауы кесілген 27-ші жоба – «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі» аясында жүргізді. Атап айтқанда келесі іс-шаралар ұйымдастырылды:

1. 2022 жылдың 1 сәуірінде — Қазақ өнері күніне орай Тәттімбет өнер колледжінде дарынды композитор, дирижер Нұрғиса Тілендінің шығармашылығына арналған өнер кеші ұйымдастырылды.

2. 2022 жылдың 9 сәуірінде – Қарағанды қаласының Орталық саябағында 9 сәуір – Ұлттық тағамдар күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылып, келушілерге бауырсақ пен шелпек таратылып, жас өнерпаздар өнер көрсетті.

3. 12 сәуірде — Қазақ ғалымдары күніне орай Қарағанды политехникалық колледжде Қаныш Сәтбайдың туған күніне орайластырылған «Қ.Сәтбайдың мұрасы» атты кездесу болып өтті.

4. 24 сәуір – Ұлт қайраткерлері күні Халел Досмұхамедтің туған күні аясында ұлт қайраткерлеріне арнап құран оқылып, ұйымдастырушылар Әлімхан Ермектің басына барып құран бағыштады.

5.15 мамыр – Аяулы қазақ қыздары күніне орай — Қарағанды қаласының Орталық саябағында «Аяулы қазақ қыздары» атты мерекелік концерт болып өтті.

6. 9 қыркүйек – Алаш ұраны күніне орай Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Қ.Бексұлтанұлының бастамасымен ұлт қайраткері Әлімхан Ермектің зиратын жөндеу бойынша сәулеттік жобаның таныстырылымы өтті.

7. 15 қыркүйек – Ел бірлігі күніне орай 1841 жылы қыркүйекте Кенесары Қасымұлының Қазақ хандығын қалпына келтіруіне орай ұлт қайраткерлерінің рухына бағышталып құран оқылды.

8. 15 қазан — Мемлекеттік тіл күні аясында ұлт қайраткері Сәкен Сейфулиннің туған күніне орай әлеуметтік желілерде «15 қазан — Қазақ тілі күні» эстафетасы мен Н.Гоголь атындағы кітапханада «Оңай қазақ тілі» әдістемесінің тұсаукесері өтті.

9. 15 қарашада — Батырлар күні аясында Қарағанды политехникалық университетінде «Ағыбай батырдың туғанына 220 жыл толуына орай ғылыми — танымдық конференция және Қарағанды политехникалық колледжінде Ақжолтай Ағыбай батыр, Кенесары Қасымұлы, Есет батыр және Мәншүк Мәметтің мерейтойларына орай ғылыми — танымдық конференциялар өтті.

10. Сонымен қатар 10 қаңтар – Қазақ әдебиеті күні, 15 ақпан – Қазақ тарихы күніне, 27 ақпан – Салт-дәстүр күні, 13 маусым – Қазақ халқы күні, 25 маусым – Қазақ отбасы күні, 27 шілде – Бабалар күні күні, 7 тамыз Ұлттық ойындар күні, 2 қазан – Қазақ ғарышкерлері күні, 19 қазан – Қазақ жігіттері күні, 7 желтоқсан – Ақсақалдар күніне орай әлеуметтік желілерде насихаттау шаралары іске асты.

11. 500 дана көлемінде Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі шығарылды.

12.15 қараша — Батырлар күні Қарағанды облысының әскери-патриоттық жоспарына енгізілді. Бұл атаулы күн енді жылсайын аталып өтілетін болады.

13. Бүгінде Клубтың еліміздің түрлі облыстарынан 50 мүшесі бар. Сіздерді QAZAQ CLUB-тың мүшесі болуға шақырамыз.