БАСПАСӨЗ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ТУЫНДЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

3 сәуірде MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-де медиа сарапшы, журналист, қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маманы Маргерит Хокси Салливанның қазақ тіліне аударылған «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Кітапты қазақ тіліне аударуды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты жүзеге асырды. АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастыруымен қонақ арнайы өз кітабының қазақ тіліндегі тұсаукесеріне келді.

Бұл тақырып бойынша қазақ тілінде кітаптың маңыздылығын атап, MNU Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қонаққа алғысын білдірді.

«Бұл тақырып бойынша қазақ тілінде қолжетімді кітаптардың шектеулі санын ескерсек, бұл сала үшін маңызды қадам. Бұқаралық ақпарат құралдары адамдар мен билікті байланыстыратын көпір ретінде қызмет етеді және біздің қоғамда ерекше орын алады. Сондай-ақ, қоғамға қызмет ету миссиясы аясында «Public library» атты қоғамдық кітапханамыз елорданың әрбір тұрғынына ашық, қалаған туындысын келіп оқи алады», — деді Талғат Нәрікбаев.

Өз кезегінде Маргерит Салливан MNU жоғары оқу орнынының инфрақұрылымына жоғары бағасын беріп, ұйымдастырған шараға үлкен алғысын білдірді.

«Жалпы журналистерге арналған семинар-тренингтер, біліктілігін арттыруға арналған курстар өте көп. Бірақ мемлекеттің атынан сөйлейтін, ресми өкілдерге арналған осындай кітаптардың аз екенін байқадым. Негізінде журналистерге болсын, баспасөз мамандарына болсын 3 қарапайым қасиет болуы тиіс. Ол: шындықты айту, дөп айту, ашықтық», — деді Маргерит Салливан.

Іс-шараға АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, ғылыми қоғамдастық және медиа саласының мамандары қатысты.

Маргерит Хокси Салливан Смитсон институтында дәріс оқыған және  Харвард университетінің Джон Ф. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің саясат институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. АҚШ-тың гуманитарлық ғылымдар жөніндегі ұлттық кеңесінде және ЮНЕСКО-ның коммуникацияны дамыту бағдарламасының гранттар басқармасында тәжірибесі бар.