Кұлагер Ақан серінің пікірсайысын жеңді

Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына орай колледж студенттері арасында облыстық пікірсайыс турнирі өткізілді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пікірсайыс – әр түрлі көзқарастың, ой-пікірдің ортаға салынып, көпшіліктің талқысына түсуі. Пікірсайыста қате көзқарасты әділ сынап жеңу көзделеді. Пікірсайыс барысында жұмыстың көкейтестілігі, құрылымы, баяндау қисыны мен уәжі анықталып, ғылыми немесе көркемдік мәні бағаланады.

Осыған сәйкес, Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы қоғамда орын алған өзекті проблемалық жағдайларды талдау және жария талқылау, өңір жастарының әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін қалыптастыру мақсатында облысымыздың орта-арнаулы оқу орындары студенттерінің арасында ақын, композитор Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған пікірсайыс турнирін өткізді.

Шараның ашылу салтанатына Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы – Алин Алмас Аянұлы қатысып, жас пікірсайысшыларға сәттілік тіледі.

 

Пікірсайыс турниріне Ақмола облысының ТжКБ студенттері қатысты. Турнирді өткізуді ұйымдастыру өзін мықты спикерлер және объективті төрешілер ретінде көрсеткен тәжірибелі пікірсайысшылардан тұратын бас төрешілер алқасына жүктелді. Турнирге екі адамнан құралған командалар қатысып, американдық парламенттік формат бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде өткізілді. Турнир жартылай финал және финал сияқты екі кезеңнен тұрды.

«Орта-арнаулы оқу орындарында білім алушы студент жастардың жан-жақты дамуы, олардың азаматтық белсенділігі мен интеллектуалды ізденісін, қоғамда дұрыс саяси бағдарларын қалыптастыруда пікірсайыс додаларының орны ерекше. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің тарапынан да пікірсайыс ойындарын жаңғырту, дамыту ісіне көп көңіл бөлінді. Бүгінгі турнир өте қызу түрде өтіп, қатысушылардың шабыттары оянып, қара терге шомылғандай жеңіске жетем деген ынталары байқалып, ойларын еркін жеткізуге деген мүмкіншіліктері пайда болды. Іс-шараны,  Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғарғы қазақ педагогикалық колледжімен бірлесіп, екінші жыл қатарынан өткізіп жатқанымызды айта кету керек. Педагогикалық колледжінің барлық ұжымына аталған турнирді өткізуге атсалысқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта әлі де талай шараларды бірлесе өткізетінімізге кәміл сенемін» — деп жастармен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы – Асия Закенай тоқталып кетті.

Облыстық пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша қазақ лигасында жеңімпаз атанған, бірінші орынды – Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінен «Ғасыр Перзенттері» командасы иеленсе, екінші орынды – Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінен қатысқан «Кұлагер» командасы қанжығасына салды. Ал, қола жүлдесі Шағалалы ауылы Агротехникалық колледжінен келген «Зияткер» атты командасына бұйырды. Орыс лигасында бірінші орынды – Біржан сал колледжінен «Лидер» құрамасы жеңіске жетсе, екінші орынды – Ш.Уәлиханов атындағы КУ жанындағы көпсалалы колледжі «Шокановцы» құрамасы ұтып алды. Үшінші орынды – Щучинск қаласының педагогикалық колледжінен қатысқан «Алаш Прайд» құрамасы иеленді.

Барлық жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталып, құттықталды. Сондай-ақ, пікірсайыс турнирінің барлық қатысушыларына сертификаттар табыс етілді.