«Бизнесті дамыту, монополиямен күрес»: Президент «Ақ жол» партиясына неге сенім артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде экономиканы монополиядан арылту жұмыстарына тоқталды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо баспасөзге сілтеме жасап.

«Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл – әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жылдың басынан бері экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын айтты.

«Бұл – Үкіметтен ерік-жігер мен жоғары кәсібилікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жұмысты жалғастырған жөн. Трансфертті баға белгілеу, халықаралық салық салу, субсидия мен мемлекеттік ресурстарды бөлу кезінде бақылауды қамтамасыз ететін түсінікті және тиімді құралдарды қолданысқа енгізу қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек.

«Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүр. Партияның Мәжілістегі депутаттары осы жұмысқа өз үлесін қосады деп сенемін», — деді Президент.