Мал азығының жаңа түрін ойлап тапқан ғалым

Мал азығы ретінде пайдаланылатын кәдімгі жемнің сапасын арттыра отырып мал сүтін 20-40 пайызға ұлғайтқан ғалым Балджи Юрий Александрович мал денсаулығын да сапалы етудің жолын ұсынып отыр.

Ең бастысы тамақтану ретті әрі дұрыс болуын қадағалау мал шаруашылығындағы  барлық мәселенің алдын алуға болатындығын көрсетті. Бұл жөнінде 20 жыл бойы ізденісте болып нәтижеге қол жеткізген Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдар тобы қазіргі таңда ерекше құрама жем жасап мол пайдаға кенелуде.

Мал азығы бұл ауылшаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды мәселенің біріне айналуда. Жыл өткен сайын мал азығын дайындау құзырлы органдардан бастап қарапайым шаруаның бас ауыруына айналды. Қазақыстанның жер көлемі кең болғанмен мал азығының жетіспеушілігі және оның сапасының төмендеп кетуі байқалып отыр. Ең өкініштісі мәселе жыл өткен сайын күрделене түсуде.

Біз неге мал азығы мәселесі күрделі жағдайға жетіп отыр. Шешімі не болмақ? Сауалды С.Сейфуллин университетінің  ғалымдарына қойған болатынбыз.

«Біз көп жылдық жұмысымыздың нәтижесі ретінде бүгін астана маңына үш бірдей құрама жем өндіру цехтарын ашып жұмыс істеуді бастадық. Өнімімізді «BioFeed» деп атадық. Бұл фитобиотикалық жем қоспасы. Негізінен ірі қара малдың өнімділігін арттыру үшін дайындалатын өнім. Өздеріңіз білесіздер кез келген мал күйіс қайтарады. Олардың ас қорытуының физиологиялық процестерін ынталандыруға арналған, биологиялық белсенді заттардың көзі болып табылады. Екінші жағынан биологиялық белсенді азық қосымшасы малдың иммунитетін жоғарлатуда септігі мол», – дейді Юрий Балджи.

Кейде біз отандық ғалымдардың жасап шығарған өнімдеріне деген сенімсіздік, немқұрайлылық танытатынымыз шындық. Біз ғалымнан аталмыш жем қоспасының мал үшін және мал азығы мен өнімін тұтынушы адам үшін зиянды қасиеттерінің бар-жоғы турасында сұрап, азықтың құрамы мен жасалу жолдарын білген едік.

«Бұл биологиялық белсенді компоненттер. Біз өз өнімдеррімізге ешуақытта химиялық заттар қоспаймыз. Химияның адам мен жан-жануар үшін тіпті экология мен тағам қауіпсіздігі саласында да аса қауіпті екені белгілі. Егер өнімдерімізден химиялық құрам анықталса жағдай қиын болады», — дейді  ғалым.

Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл азық түрін жеген мал түлігі ас қорытуға артық энергия жұмсамайды. Осылайша өнімділік қасиеттері жақсара түседі.

Аныған айтқанда құрама жемді дайындау жолы да өзгеше болып отыр. Жем дайындау үшін әкелінген қарапайым тауарлық астық ең алдымен ғалымдар тарапынан тексеріліп анализ жасалады. Егер шикізаттан қандай да бір зиянды әсерлер байқалатын болса алдымен сол зиянкестің мал организміне түсіп кетпейтіндей етіп шаралар ұйымдастырылады. Демек экструдтау әдісі қолданылады.

Экструдтау дегеніміз…

Бұл жемнің тағамдық құндылығы мен қауіпсіздігін арттыратын баротермиялық процесс.

Экструзия екі процеске негізделген — температура мен аса жоғары қысымның әсері. Өнімге осы екі әдісті қолданған сәтте жем құрамындағы барлық мал организімі мен өніміне әсер ететін зиянкестер жойылады. Осыдан кейін барып қажетті мал азықтық дәрумендер мөлшерлемелері аса дәлдікпен енгізіледі. Бұл процес аяқталған сәтте барып құрама жемді ширатып кептіріп дайын өнім алынады.   Бұдан бөлек дайын жемнің органолептикалық, физикалық және химиялық көрсеткіштерін реттеуге мүмкіндік береді.

«Егер экструдтау әдісі қолданылмаған жағдайда малға берілген азықтың 50-55 пайызы қалдық ретінде сыртқа шығарылады. Ал экструдтау әдісі қолданылған құрама жем жеген малдан тек 5 пайызы ғана сыртқа шығады. Біздің ғылыми дәлеліміз бойынша жемнің 95 пайызы азық ретінде малдың бойына дариды. Бұл дегеніміз өз кезегінде мал өнімінің ұлғаюына және етті малдың салмақ қосуына ерекше мүмкіндік туғызып отыр», — дейді Юрий Балджи

Бұл өнімді пайдалана білген шаруа қожалықтар өз кезегінде мал азығын екі есе үнемдейді.

Ғалымдар құрама жемді дайындау барысында жем құрамына фитобиотик қосатындыған айтып отыр. Фитобиотиктер дегеніміз – организмге ерекше әсер ететін әртүрлі өсімдіктердің сығындыларынан тұратын мал азығына пайдалы қоспа.

Құрамында  Май қышқылдары (55%) – стеарин, олеин, пальмитин және т.б.;

  • Флавоноидтар (6,78%) – пиностробин, пиноцембрин, хризин;
  • Органикалық қышқылдар (2,5%) – гликоль, алма, лимон;
  • Фенол қышқылдары (2%) – популин, салицин;
  • Көмірсулар (1,9%) – глюкоза, фруктоза, рибоза; эфир майлары (1%);
  • А, С, Р, В12 витаминдері;
  • Микроэлементтер (мг/кг) – йод (1058), мырыш (52), марганец (8,25), мыс (6,17), кобальт (0,015);
  • Амин қышқылдары – аспарагин, аланин, валин, лейцин;
  • Фенолгликозидтер – популин, салицин және басқа кластағы қосылыстар жоғары биологиялық белсенділік көрсетеді.

Бұл қоспалардың барлығы дәлелденген және нақты пайдасы бар. Бұл жануарлардың сау болуына және төлінің сапалы болып қалыптасуына да кепілдік бере алады.

Қазіргі таңда ғалымдарымыз ойлап тапқан өнімді жеке кәсіпкерлер көптеп сатып ала бастады. Сонымен бірге сатып алған шаруа қожалықтарына ғалымдар тобы сынақ мерзімін бекітіп белгілі бір уақытқа дейін шаруашылықтың мал азығы мен мал өнімділігін бақылап, зерттеулер жүргізіп келеді.

«Алғашқыда ірі қара мал үшін дайындалған азық өнімі қазір ұсақ малдар мен өзге де үй жануарлары үшін әзірленіп, ғылыми дәлелдер, тұжырымдар бекірітуде. Бұл біз үшін жаңа бір қадам, жаңа бір мүмкіндік болмақ», — дейді Юрий Балджи.

Бердібек Хабай