Мәдениеттің ойын тұжырымдамасы

Әлемде ойынды білмейтін адам жоқ. XX ғасырда мәдениеттің ойын концепциясы пайда бола бастады. Ойын теориясын фундаментальді зерттеген — нидерландық ғалым И.Хейзинга.

Ол ойынның мәдениетті түсінудегі өзінің ерекшелігін айта отырып, «ойын мәдениеттен үлкен» деген қорытынды жасайды. Себебі ол жануарларда да бар, сол жануарлар әлемінен адамзат қоғамына еніп, жаңа мағынаға ие болған ойын, мәдениеттің шайқалмас іргетасына айналып отыр. Ойын тек біздің түсінікте тек балалардың ермегі деп қабылданып келгенімен, мәдениеттің барлық саласында көрініс табатынын ескере бермейміз немесе одан барынша бейхабармыз. Осы аталғандарды негізге ала отыра И.Хейзинга өркениеттік қоғамның пайда болуын қоғам өмірінен ойынның ығыстырылып шығарылуымен түсіндіреді. Адамзат баласында ойын адамдарда ерекше қабілеттер — елестету мен фантазия тудырады, адамның қиялына қанат бітіріп, шабытына қамшы басады. Осы тұрғыдан алғанда біз үлкен адамдар кішкентай бүлдіршіндердің қиялынан әлдеқайда артта қалғанбыз. Ойнамаймыз. Ойын мақсатқа айырбасталса ойын болудан қалады. Ойын саудаланбайтын, тек ләззәт, рахат алуға бағытталған іс-әрекеттер. Қазіргі бұқаралық мәдениеттің қарқынды дамыған шағында адамның табиғи рефлексия жасау қабілетіне ауыр соққы жасалып, бізді түпнұсқа туындылардан жұрдай қылып айырып, семулякр(көшірменің көшірмесі) өнімдерді тұтынатын зомбилерге айналдырып жатыр. Ата-бабаларымыз бекерден бекер «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасаған жоқ. Батыста XX ғасырда зерттелгенімен, көшпелілер қоғамының критерийлерінің бірі болып келген ойын, осы дүниеден алыстап жаттанып кетпесін!

Ақтөре КӨПБАЙ.