Ғалымдар «Таймас» атты астықтың жаңа сұрпын шығарды

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдары «Таймас» атты астықтың жаңа сұрпын шығарды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо

Жаздық жұмсақ бидайдың жаңа сортына ғалымдар  «Таймас» деген ат беріп отыр. Өткен жылы мемлекеттік тексерістен сәтті өткен сұрыпқа бүгінгі таңда патент беріліп тұқым ретінде молайтып таратуға мүмкіндік туды.

Асыл тұқымды «Таймас» сортын А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ғалымдары 15 жыл бойына әбден зерттеп-зерделеген. Ұзақ жылдар бойы дайындалған сұрыпқа орталық ғалымдары  осы 2023 жылы мемлекеттік патент алған.  Бұл туралы бізге орталықтың  Жаздық жұмсақ бидай селекциясы зертханасының меңгерушісі жас ғалым Елжас Қайыржанов айтып берді.

«А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» еліміздің селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген. Астық шаруашылығы орталығы мамандары жаңа сорттың құрғақшылыққа төзімді екенін айтып отыр. «Таймас» пісу түріне сәйкес орта маусымдық сорттарға жатады.

 «Астық сапасының технологиялық көрсеткіштері бойынша «Таймас» сорты күшті бидай сұрпына жатады. Мұндағы шикі клейковинаның мөлшері 32,3-34,5%, ақуыз 15,1-15,7%. Сорттың өнімділігі де аса жоғары. 

Зерттеу жылдарында жаңа сортымыз максималды өнімділікті көрсетіп — 38,5 ц/га құрады. Жаңа сорт Солтүстік Қазақстан жағдайында өсіруге ұсынылады», — деді жас ғалым Елжас Қайыржанов.

Ұжымның бірлесіп жасаған жұмысының нәтижесінде еліміздің солтүстік өңірлеріне аса бейінді аталмыш сорт түрі алқаптарда кездесетін түрлі ауруларға төзімді болып отыр. Солардың қатарында сары тот ауыруын айтуға болады.

Өкінішке орай сары тот ауыруы бидай тұқымдасының өсуі мен жетілуіне айтарлықтай зиян келтіреді. Аталмыш ауруға шалдыққан бидай алқабы ғалымдардың есептеуі бойынша 30-40%  өнімділікті төмендетеді екен. Ал «Таймас» бұл ауруға төзімді болып шыққан.

«Қазіргі уақытта элиталық тұқым түрін көбейту жұмыстарына дайындық  жүргізіліп жатыр. Алдағы екі жыл ішінде жеткілікті мөлшерде көбейтіп тұқым ретінде өзге тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына жөнелту жоспарлануда»,- дейді Елжас Қайыржанов.