Түркістанда қандай бастамалар жүзеге асырылуда

Жаңа мектептер, кәсіпорындар және жұмыс орындары. Түркістан облысында қандай бастамалар жүзеге асырылуда?

Өңірде дамудың жаңа кезеңі жүріп жатыр және аймақты тарихи-мәдени және туристік орталық ретінде қалыптастыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс облыс әкімдігінен белсенді әрекеттерді талап етеді, қолда бар әлеуетті барынша пайдалану керек.

Осы мақсатта, сондай-ақ өңірдегі жүйелі мәселелерді шешу үшін 2022 жылдың тамыз айында Түркістан облысының әкімі болып осы өңірдің тумасы Дархан Сатыбалды тағайындалды. Жарты жыл қызметінде ол облыстың шалғай және шағын елді мекендерінде кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылым салу және өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша бастамаларды қолға алып үлгерді.

Бұл аймақ – еліміздегі халқы ең тығыз орналасқан облыстардың бірі. Сонымен қатар, облыс еліміздегі туу көрсеткіші бойынша алғашқы үштікке кіреді, яғни халық санының өсуі жалғасуда. Бұл ретте өңірде жан басына шаққандағы табыс ең төменгі деңгейде, жұмыссыздық көрсеткіштерінен ең жоғары дейңгейде қалыптасқан. Сонымен қатар  көптеген шалғай ауылдар мен қалалар инфрақұрылыммен қамтылмаған. Бірақ облыста халықтың 80 пайызы ауылдарда тұрады. Бұл жүйелі әрі жаңа мәселелердің барлығын облыстың қазіргі басшылығы кезең-кезеңімен шешуде.

Инвестицияларды тарту және жұмыс орындарын құру

2022 жылы тек Түркістан қаласына тартылған инвестиция көлемі 8,5 есеге өсіп, 304 млрд теңгені құрады. Биыл қала экономикасына бұдан да көп – 350 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Халықтың табысын арттыру үшін арнайы жұмысқа орналастыру картасы бекітілген. Өткен жылы Түркістанда 2500 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 676-сы тұрақты. Ұлттық жобалар бойынша биыл бес мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Қаланы туристік орталық ретінде дамыту үшін өткен жылы Түркістан халықаралық әуежайынан Ыстамбұл мен Кувейтке тікелей рейстер ұша бастады. Енді Мәскеу, Анталия, Дубай, Тбилиси, Ташкент және Самарқанд қалаларына әуе рейстерін ашу бастамасы көтерілуде. Астана мен Алматыға әуе рейстерінің санын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бірақ мәселе облыстың бір орталығымен шектеліп қалмайды, аудандардың дамуына одан да көп көңіл бөлінуде.

Өткен жылы Созақ ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 519 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 100 миллиард теңгеге өсті, инвестиция көлемі 61,2 миллиард теңгені құрады. Алдағы екі жылда 475 миллион теңгенің жеті инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 19,7 млрд теңгеге жетті.

Бәйдібек ауданына 21,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 2021 жылмен салыстырғанда 7,1 млрд теңгеге артты.

Мақтаарал ауданында өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға 22,5 млрд теңге инвестиция тартылды. 2,7 млрд теңгені құрайтын екі жаңа инвестициялық жоба (мақта талшығы зауыты, асфальт-бетон зауыты) жүзеге асырылып, 175 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 1,7 млрд теңгеге төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 108 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Әкімдік Түлкібас ауданында 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтитын «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС инженерлік жүйесін салуға кірісті. Зауытта сумен, газбен, электрмен қамту бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілуде.

Жақын арада Мақтаарал өңірінде мақта кластері бойынша ірі жоба қолға алынады. Оған өзбекстандық «Global Textile» компаниясы жетекшілік етпек. Инвесторлар премиум мақта егуге ниетті. Оны өңдейтін кәсіпорын салу жоспарда бар.

Ал Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары үшін жүгеріні терең өңдейтін зауыт тиімді жобалардың бірі болмақ. Облыс әкімінің тікелей атсалысуымен «Жаркент крахмал зауыты» серіктестігі өңірде өз жобаларын жүзеге асырады. Бірінші кезеңде Мақтааралда 20 гектар жерге жүгері егіледі. Жобаның негізгі кезеңі бойынша Шардара ауданында крахмал зауытын салу жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 26 млрд теңгені құрайды. Өндірісте 500 адам жұмыс істейді.

Басқа салаларда да осыған ұқсас жағдайлар қалыптасуда – барлық жерде ірі кәсіпорындар мен ШОБ секторын дамытуға, инвестиция тартуға баса мән беріледі, бұл сайып келгенде жұмыс орындарының өсуіне және жұмыссыздықтың біртіндеп төмендеуіне алып келеді.

Өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға да назар аударылып жатыр, бұл халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жаңа мектептер, ауылды дамыту және жетіспейтін инфрақұрылымды толтыру

Туристік мүмкіндіктердің ашылуына байланысты Түркістан жаңа өрлеуді бастан кешіруде. Қала халқының саны қарқынды түрде өсіп жатыр. Осыған орай, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында жеті мектеп салынады. Оның ішінде үш мектеп екі мың орынға есептелген. Олар екі жылдан кейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Дарын» мектебі мен төрт тілде оқытатын халықаралық оқу орнын ашу жоспарда бар. Бұл бастамалар аудандарда да тұрақты жүзеге асуда.

Бәйдібек ауданында өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жолғабас ауылындағы мектепке қосымша ғимарат салу және Ағыбет ауылындағы мектепті күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылында 300 орындық мектеп салынуда. Сондай-ақ, Жамбыл ауылындағы ұзындығы 18 шақырым болатын алты көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, оған 220 миллион теңге бөлінді. Жамбыл-Шаян және Бірлік-Сарқырама-Шалдар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізілді. Боралдай мен Жоғарғы Боралдай елді мекендерінде инженерлік инфрақұрылымның құрылысы қолға алынып жатыр.

Шаян ауылында кітапхана, Бәйдібек ата, Ағыбет елді мекендерінде спорт кешендерінің құрылысына қаржы бөлінді. Алмалы ауылында тозығы жеткен электр бағаналары ауыстырылып, қазан айында ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.

Аудандағы 51 елді мекеннің 43-і (84,3 пайызы) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. 16 елді мекенді көгілдір отынмен қамтуға 4,7 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін төрт елді мекенді газбен қамту құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Созақ ауданында облыс әкімі өткен жылғы жиында тұрғындар тарапынан айтылған бірқатар мәселелер шешімін тапқанын айтты.

Атап айтқанда, Аққолтық елді мекеніндегі 75 орындық ауылдық клубтың құрылысына 97 миллион теңге бөлініп, нысан пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Тасты ауылындағы осындай қуатты ауылдық клубтың құрылысына бюджеттен 181 миллион теңге бөлінді. Аққолтық елді мекенінде базалық интернет стансасы орнатылып, желінің сапасы жақсарды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы Созақ ауылында футбол алаңы салынып, оған 150 миллион теңге жұмсалды.

Тасты, Жуантөбе, Қаратау, Сызған, Құмкент, Жартытөбе ауылдарындағы жылу қазандықтары мен Қыземшек пен Таукенттегі дәрігерлік амбулатория ғимараттары жаңартылды. Орталық аудандық ауруханаға 57 млн ​​теңгеге медициналық жабдықтары алынды. 32 млн теңгеге инфекциялық бөлімше ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шолаққорған ауылындағы «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарына су құбыры желілерін тартуға қаражат бөлінді. Шолаққорған қаласының 16 көшесіне электр желілері тартылып, 10 жаңа трансформатор мен 388 шам орнатылды.

Бұл – тұрғындар үшін ең бастысы жол жөндеу, мектептер салу және инженерлік желілерді ауыстыру болып табылатын ең шалғай елді мекендердің мәселелерінің қалай шешіліп жатқанының бірнеше мысалдары ғана.