Ибн Халдунның білім теориясы

(Antony Black-тың «Саяси Ислам ой тарихы» еңбегі бойынша)

Ибн Халдунның «Мұқаддиманы» жазу барысында шабыттанған адамы күмәнсіз Аристотель. Кейбір ғалымдар оның алғашқы Ислам ойшылдары арасындағы ұқсастықтарды асыра сілтеген (бұл меніңше дін мәселесінде болса керек). Оның басты мақсаты тарих зерттеулеріне философиялық методологияны кірістіру арқылы тарихи еңбектер мен қайнар көздердің құнын айқындайтын жаңа әдіс жасап шығару. Мағриптегі (батыс араптар, Ендулус) берберлер мен араптардың тарихына үңіледі. Тарих әртүрлі тарихи жағдаяттарды зерттемей, адамның табиғи және әмбебап қажеттіліктерін талдауға бағытталуы тиіс. «Мұқаддима» Ислам фиқһына нақты жауап еді. Бұл еңбек анализ бен интерпретацияда теңдессіз синтез жасаған деседі автор.

Ибн Халдунның интеллектуалды өмірі философияда басталады. Ойшыл білімге ерекше талдау жасаған. Ол білімді үшке бөледі: ең алдымен түпнегізді зерттеумен айналысатын сала (бұл сірә метафизика) яғни құбылыстың артындағы шындық; екінші табиғи дүниеде және мәдениетте кездесетін материалды объектілерді табиғи немесе мәдени жолмен түйсіну, бұл адам қоршаған ортасын ақылмен жөнге келтіру арқылы өзін таниды және өзіне қажетті заттарға қол жеткізеді дегенге саяды; үшінші этикалық аспект келеді, ол адамның басқа адамдармен қарым-қатынас құруын іске асыратын ережелер жиынтығы. Бұл пайымдаулардың барлығы тәжірбие жасаумен толығып, кемелденеді. Эмпирикалық ақыл осыларды қамтымақ.

Халдун Аристотельдің теориялық білім мен практикалық білімнің ара жігін ажыратуын одан әрі дамытқан. Ойшыл метафизика мен физика арасындағы құбылыстардың теориялық айырмашылықтарына тағы бір айырмашылық қосады. Бұл физикалық құбылыстар ішіндегі табиғат пен дәстүрлі-мәдени құбылыстардың ішіндегі қоғам. Қысқаша қайырсақ, табиғат білімі мен қоғам білімі арасындағы жаңа әрі маңызды бөлініс еді (бүгінгі О.Конт негізін қалаған «әлеуметтанудың» алғышарты осы). Бұл әлеуметтанудың алғашқы қадамы екені айқын. Өзі айтпақшы, табиғатта және ақылда көрініс тапқан құбылыстарды жіті зерттеуіміз қажет. Түсінікті әрі нақты мәселенің өзіндік ғылымы болмаққа керек. Яғни әлеуметтануды жеке дара ғылым ретінде қабылдап отыр.

Мұны Дж. Викоға дейін ешкім қозғамаған еді. Табиғат пен мәдениет құбылыстары адамның өмірін жақсартуға септігін тигізетін болғандықтан, екеуі де практикалық ғылым саласы болып табылады. Халдунның бұл үшінші категориясы этика, құқық және саясатты қамтиды. Мұнда тәжірибенің орны маңызды. Бұл эмпирикалық ақыл күнделікті қоғамдық дағдыларды, яғни адамның қоғамдағы коммуникациялық қабілетін қарастырады. Бұл терең зерттеуді қажет етпейді, барлығы тәжірибеден туындайды дейді. Мына соңғы сөйлемді аса құптамаймын. Себебі бүгінгі таңда гуманитарлық сала терең зерттеуді қажетсінеді. И.Кант айтқандай тәжірибе маңызды, алайда трансцендентті дүниелер бар деп ойлаймын.

Мысалы осыған қоғамдағы діннің рөлін айтсақ болады. Халдунның ойлау жүйесінде ақыл мен себеп-салдарлық анализ ең жоғары қабатта орналасқан. Адамды басқа жандылардан айырған ерекшелік – ойлау қабілеті. Адамның жүйелі себептік тізбектер құра білу бейімі — оның адамдық дәрежесін көрсетпек.

 

 Ақтөре КӨПБАЙ,

Ислам философияның магистрі.