Қазақ пен өзбек мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға келісті

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Өзбекстанның «Ватандошлар» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды» — деп хабарлайды «Отандастар қоры» КЕАҚ Баспасөз қызметі.

Өзбекстаннан арнайы келген «Ватандошлар» қоғамдық қорының делегациясы мен «Отандастар қоры» өкілдері ресми кездесу өткізді. Өкілдер екі елдің қолданыстағы заңнамасы мен мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес бірлесе жұмыс жасауға ниетті екендерін білдірді. Кездесу нәтижесінде Өзбекстан Республикасының делегациясын бастап келген, «Ватандошлар» қоғамдық қорының төрағасы Одилжон Бердимуратұлы Саттаров пен «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қос мекеме осы ынтымақтастық негізінде қазақ және өзбек тілін, қазақ пен өзбек мәдениетін, дәстүрлерін сақтауға және дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға;
шетелде тұратын отандастарымен, олар құрған қоғамдық бірлестіктермен, жеке тұлғалармен де әріптестік байланыстарды бірлесіп жолға қою және дамытуға;
Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының ғылыми, мәдени және рухани мұраларын дәріптеу мақсатында шетелдерде мәдени-ағарту іс-шараларын бірлесіп ұйымдастыруға келісті.

Сондай-ақ, практикалық тәжірибе алмасу және қарым-қатынас жасау мақсатында өзара іс-сапарларын, бірлескен тағылымдамалар мен консультацияларды ұйымдастыру бойынша да келісімге келді.
Атап айтсақ,

  • құқықтық, ғылыми және мәдени ақпаратпен алмасу;
  • қызметкерлерді кәсіптік оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды бірлесіп жүзеге асыру;
  • конференциялар, семинарлар, кездесулер ұйымдастыру;
  • құқық қолдану практикасын жетілдіру;
  • шетелде тараптардың отандастарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға ат салысу.

2021 жыл құрылған «Ватандошлар» қоғамдық қорының мақсаты – шетелде тұратын Өзбек ұлтының өкілдерін тарихи Отанының төңірегінде топтастыру, олардың жүрегі мен санасында еліне деген мақтаныш сезімін ояту, ұлттық бірегейлігін сақтау, отандастар құрған қоғамдық бірлестіктерді қолдау. Түрлі салада еңбек етіп жүрген отандастарының әлеуетін Өзбекстанның дамуына тиімді бағыттау.

Мақсаты ұқсас қос мекеме басшылары бұған дейін Өзбекстандағы Қазақ қоғамдық ұйымының 30 жылдық мерей тойы аясында Ташкентте де бас қосқан болатын. Сонымен қатар екі бауырлас ұйым Түркі мемлекеттер ұйымы диаспора саласындағы ынтымақтастық бағытында өзара тәжірибелерімен бөлісуде.