КазАТУ Халал сертификатын беру жөнінде форум ұйымдастырмақшы

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арасында меморандумға қол қойылып, 2023 жылға арналған ынтымақтастықтың жол картасы бекітілді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының делегациясы ҚазАТУ-ға арнайы келіп университеттің ғылыми әлеуетімен танысты. Делегация мүшелері ауылшаруашылығы биотехнологиясы ғылыми-зерттеу платформасының қызметін тамашалады. Одан кейін, университеттің техникалық ғимаратында орналасқан Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша ғылыми-тәжірибелік алаңның қызметін көріп, университеттің оқу-өндірістік цехтарында жасалатын өнімдердің дәмін татып көрді. Одан бөлек, арнайы келген делегация Агроөнеркәсіп кешені цифрландыру саласындағы технологиялық құзыреттілік орталығының мүмкіндігімен танысты.
Делегация мүшелері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдарымен дөңгелек үстел басына жиналып, екі жақты ғылыми жобалар мен тағам қауіпсіздігіне байланысты маңызды мәселелер талқыланып, баяндамалар жасады. Атап айтқанда, «Қазақстанның әртүрлі топырақты-климаттық аймақтарында өсімдіктердің биотехнологиясының, генетикасының, физиологиясының, биохимиясының жетістіктері негізінде дәнді дақылдардың жоғары өнімді сорттары мен будандарын жасау», «Ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуы үшін DSSAT моделін бейімдеу негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлерін өндіру бойынша шешімдер қабылдау», «Smart технологиялар негізінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді қалыптастыру мен біріктірілген басқару жүйесін құру», «Ауыл шаруашылығында Smart жүйелерді құру мақсатында АӨК субъектілері үшін агротехнологиялар бойынша ғылыми-техникалық құжаттаманың ақпараттық базасы», «Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтары үшін бейімделген ресурс-энергия үнемдейтін және цифрлық технологияларды сүтті мал шаруашылығында пайдалану, азықтандыру, өсіру және көбейту технологияларын әзірлеу» тақырыптары қамтылды.
Жиын барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма Төрағасы, ҚР ҰҒА-ның академигі Қанат Тіреуов арнайы келген Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет мырза мен делегация құрамына зор алғысын білдірді.

«Біз бүгін ерекше бір маңызды құжатқа қол қойып отырмыз. Бұл — біздің ғалымдарымыздың әлеуетін арттырары сөзсіз. Өздеріңізбен бірлікте алдағы уақытта біршама жұмыстар жасалатындығына сенімдімін. Бүгінгі құжат тек екі жақтың ғана емес Қазақстанның да үлкен жетістіктерінің бірі деп түсінемін. Әлем елдеріне белгілі аталмыш ұйыммен бір мақсатта, бір мүддеде жұмыс жасау — біз үшін, біздің ғалымдарымыз үшін де зор абырой болары сөзсіз»,- деді өз сөзінде Қанат Тіреуов.

Меморандум барысында екі жақты мақсат-міндеттер нақтылы бекітілді. Атап айтқанда;
Тараптар мен олардың бөлімшелері негізінде бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу;
• Тараптардың зерттеушілері дайындаған академиялық және ғылыми мақалаларды жариялау;
• Тараптар мен олардың бөлімшелері негізінде бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, іске асыру және қолдау;
• Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тараптар ұйымдастыратын конференцияларға қатысу, бағдарламалар алмасу, іс-шараларға қатысу;
• Ынтымақтастық бағыттары бойынша жеке іс-шараларды (конференциялар, семинарлар, тренингтер, презентациялар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, экспозициялар және т.б.) бірлесіп өткізу;
• Өзара мүдделі салаларда жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандарды даярлау және т.б.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Ерлан Байдәулет өз сөзінде ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік жасап отырған университет басшылығына жеке өзінің және ұйым атынан алғысын білдіре отырып, осы жылдың Наурыз айында Халал сертификатын беру және азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде бірлескен форум өткізуді жоспарлап отырғандығын жеткізе келе болашақта еліміз үшін бірлесіп жұмыс жасау өте маңызды екенін айтты.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ баспасөз қызметі