Елорда студенттері Францияда білім алады

Өткен жылдың Желтоқсан айында Парижде Қазақстан Республикасы мен Франция жоғары оқу орындарының VII форумына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бір топ ғалымдарын Басқарма Төрағасы-Ректор, ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов арнайы бастап барған болатын. Форум барысында Францияның 4 бірдей ЖОО-мен арнайы келісімшартқа қол қойылған. Осы келісімшарттар негізінде ҚазАТУ-мен екі арадағы білім берудің түрлі жолдары нақтыланды.
Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор, ҰҒА академигі Қанат Тіреуов жасалған екі жақты келісімшарттар негізінде Францияға барып білім алуға талпыныс білдірген белсенді студенттермен арнайы кездесті.
Кездесу барысында Басқарма Төрағасы Францияның Нэнси қаласында орналасқан «ENSAIA» университетімен академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламалары негізінде нақты шешімдерге келгенін жеткізді.

“Францияның тарихи қаласында орналасқан аталмыш білім ордасымен мұндай келісімге келуіміздің өзіндік нақты себептері бар. Өйткені «ENSAIA» университетінің ҚазАТУ-мен қатты ұқсастығы бар. Ондағы білім беру бағдарламаларының өзі біздегімен сәйкес деуге болады. Сондықтан біз жастарымызға барынша мол мүмкіндік аша отырып, Франция елінде білім алуына жағдай туғызуға тырыстық”, — деді өз сөзінде Қ.Тіреуов.

Сонымен қатар, Басқарма Төрағасы кездесуге келген білім алушыларға төмендегідей ақпараттарды жеткізді. Магистранттар үшін ол жақтағы білім алу осы жылдың қыркүйек айында басталмақ. Ал бакалавр деңгейі бойынша білім алушыларға 2024 жылдың қыркүйегінде басталатындығын жеткізді. Сондай ақ, Францияда бакалавр деңгейі бойынша білім алатын жастарға 6 айға не бары 50 евро төленсе, 1 жылдық толық курс үшін 700 евро төленбек.

«ENSAIA» университеті тек біз үшін аса үлкен жеңілдік жасап отырғандығын айта кеткен жөн. Тағы бір айтатын дүние, егер білім алушы толық 1 жылдық курсты аяқтаса Франция елінің дипломын алып шықпақ.
Ол жаққа білім алу мақсатымен барған студент тұратын жатақхана да «ENSAIA» университетінің тарапынан қарастырылады. Бұл да үлкен мүмкіндік», — деді Қанат Тіреуов.

Кездесу барысында алдағы уақытта Францияға аттанатын студенттердің ағылшын және француз тілін меңгеріп шығуы үшін арнайы курс ұйымдастырылып, сол курсқа қатысушы білім алушыларды тегін түрде дайындау жұмыстары басталатындығы айтылды. Ол мақсатта университетіміздің Шет тілдері кафедрасы мен Халықаралық байланыстар департаментінің директоры С.Мейрамова барынша оңтайлы жағдайларды қарастыруда.
Сонымен бірге, Басқарма Төрағасы Қ.Тіреуов С.Мейрамоваға бүгінде Францияда оқып жатқан қазақстандық жастармен онлайн кездесулер ұйымдастыра отырып, біздің жастарға ол жақта білім алу мен өмір сүрудің қыр-сырын меңгерту курсын ұйымдастыруды тапсырды.
Басқарма Төрағасы, егер білім алушылар арасында француз тілін еркін меңгерген жастар бар болса оларды 2024 жылға қаратпай 2023-жылдың қыркүйек айында оқуға жіберу керектігі туралы шешім қабылдайтынын жеткізді. Бұл шешімге студенттер де қуана келісіп отыр.
Сөз соңында Қанат Тіреуов аталмыш бағдарлама бойынша білім алған жастар болашақта қос диплом алып шығатындығын айтты. Демек, студент Қазақстандық дипломмен қоса Франциялық дипломды да алады деген сөз.
Кездесу соңында жастар Басқарма Төрағасына көкейдегі сауалдарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Парижде болған VII форумға арнайы барған оқытушылар тобы шет елде білім алудың маңыздылығы туралы жан-жақты баяндады.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ баспасөз қызметі