Тау ұлының туған күні!

Ұлықпан Есілханұлы Сыдықов республикамыздың жоғары техникалық білім жүйесінің заман талабына сай өркендеуіне білімпаздығымен, іскерлігімен, ізденімпаздығымен және шебер ұйымдастырушылық қабілетімен үздіксіз қомақты үлес қосып келе жатқан азамат. Ағамызды келер мерейтойымен құттықтап, еңбек жолын айта өтсек.
Ұлықпан Сыдықов 1984-1986 жылдары белгілі қоғам қайраткері журналист Сағат Әшімбаевпен бірлесіп Қазақ теледидарында «Жүректен қозғайық» деп аталатын хабарлар циклын жүргізді. Бұл хабар қазақ жастарының ұлттық сана сезімінің өсуіне үлкен ықпал жасағаны белгілі. Одан кейін ұзақ жылдар бойы профессор, марқұм Ахмет Ержановпен және өз ұстазы академик Досмұхамед Кішібековпен бірлікте «Республика өмірінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта телехабарлар циклын жүргізіп келді. Қазір де Қазақ радиосы, Шалқар радиосы және ұлттық «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан берілетін хабарлардың тұрақты қатысушысы және кейіпкері.
Ұлықпан ағамызды биыл жарық көрген «Дос-Мұқасан» фильмінің негізгі кейіпкерлерінің бірі екенін көбі білсе, біразы естімеген болар. Ұлықпан Есілханұлы «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылар мен мүшелерінің қатарында 1973 жылы Берлин қаласында өткен Бүкіл дүниежүзі жастары мен студенттерінің X фестивалінің лауреаты және Алтын медалінің иегері және 1974 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Ол Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен (1984), «КСРО білім саласының үздігі» төсбелгісімен (1988), Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен (2001, 2004, 2005жж.), «ҚР білім саласының құрметті қызметкері» (2002ж), «ҚР мәдениет қайраткері» (2004ж), «ҚР ғылымына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, 7 мемлекеттік медальмен, ҚР кәсіподақтары федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен (2016ж), «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының «Сауап» (2012ж) медалімен, А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталған.
Ұ.Е.Сыдықовқа 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2011 жылы ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының, 2015 жылы ҚР педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі болып сайланды. Қазақстан Шығармашылық академиясының мүшесі, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінің және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Құрметті профессоры, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы мен Мақаншы ауылының Құрметті азаматы.
75 жасқа келетін ағамызды шын жүректен құттықтаймыз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, әрі қарай қазақ мәдениеті мен ғылымына қосар үлесіңіз таусылмасын.