Құқығымызды қазақ тілінде қорғап жүрміз бе?

 «Мемлекет басшысының қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне шығару керек деген ойын сабақтай отырып, тілімізді өз тұғырына қондыру – баршамызға ортақ міндет. Өкінішке орай, сот процестерінің 70 пайызы орыс тілінде. Тіпті кей өңірлерде, мәселен, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматы соттарында қазақ тілінің үлесі 5 пайыздан аспайды. Бұл жерде мәселе тек соттарда десек, қателесеміз», — деді Жоғарғы Сот төрағасы А.Мерғалиев.

Бүгін Жоғарғы Сот пен М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің ұйымдастыруымен «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және олардың шешу жолдары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Келелі басқосудың мақсаты – сот-құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелерін шешудің жолдарын ұсыну.

Конференцияға Парламент Мәжілісінің депутаттары, судьялар корпусы, прокуратура, ғылым және жоғары білім, әділет, ішкі істер, тіл саясаты, сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл салаларының басшылары, жоғары оқу орындарының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, адвокаттар мен заңгерлер, зерттеуші-ғалымдар мен тіл жанашырлары қатысты.

М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев заң және нормалардың мемлекеттік тілдегі қателіктерге тоқталып, құқық саласындағы қазақ тіліндегі оқулықтарға назар аударды.

«Азаматтық, әкімшілік кодекстер мен басқа  да заңдардың қазақ тіліндегі мәтіндеріндегі қателерді айтудың өзі де ұят. Бұл мәселенінің шешімін табу үшін әрбір Қазақстан азаматы, әрбір білікті маман өз саласында қазақ тілі үстемдігі үшін өз үлесін қосуы керек. Оқулық тапшылығы мәселесін шешу мақсатында университет құқық саласындағы әлемдік әдебиеттерді қазақ тіліне аудару жұмыстарын бастады».

Баспасөз қызметі