Қарыздарды жою – инвестиция

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен несиелерін банктер мен қаржы-қаражат  ұйымдарына қайтарып бере алмай жүрген адамдардың қарыздарына байланысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы дайындалған көрінеді.

Көптің көп күткені – осы заң жобасы. Аталмыш заң жобасы қазір қызу талқылануда. Заң жобасын жан-жақты сараптаудан туындайтын сұрақтар да өте көп. Сол сұрақтарға тиісті жауаптар берілсе де, көңілі толмағандар да жеткілікті. Ал, сұрақтардың бәрі қойылды деп ешкім де айта алмайды.

Әуелі, заң жобасын дұрыс түсіну үшін банкроттың не екенін анықтайық. Итальян тіліндегі bankcо (банк) және rottо (бүлдіру, сындыру, бұзу) екі сөзді қазақша бір-біріне қоса айтсақ, банктерді тас-талқан ету немесе тонау деп түсінеміз. Сөз бұйдаласақ, бізге белгісізі – кімнің кімді талқандап, тонауы. Заң түгіл, талқандау мен тонау туралы  айтудан аулақ болғанымыз дұрыс қой. Шынында, заң жобасының мақсаты – банктер, несие ұйымдары мен ел азаматтарың арасындағы күні бүгінге дейін өзара екі жаққа бірдей тиімді шешімін таппай жатқан дау-дамайларды үзілді-кесілді тоқтату ғой.

Осы мақаланы жазып отырғанда менің смартфоныма «Сізге бес жүз мың теңге несие беруге шешім  қабылданды» деген банктың хабары түсті. Оқыдым да, көптеген алаяқтардың бірі шығар деп, өшіріп тастадым. Із суытпай, интернетке де назар аудардым. Сондағы көргенім – несие алыңдар деген хабарлар.     Қазақшаға  аудармай, мына біреуін көшіріп алдым. Для физических лиц 7 000 000 тенге за 15 минут! Условия кредитования. «Кредит наличными» — это потребительский заем, выдаваемый физическим лицам без залогового обеспечения, без предоставления справки о заработной плате и без указания цели кредитования.

Көптеген билбордтар мен әлеуметтік желілерде мен мұндалап, шақырып тұрған банктер мен несие ұйымдырына барма демек түгіл, оларға жоламаңдар деп қалай айтарсың, қажет ақшасын таба алмай зар жылап, шыр айналып жүргендерге. Ал, банктер мен несие ұйымдарына айтарым: «Келіңдер, кепілсіз, табысы, жас мөлшері және қайда жұмсарына қарамай,  несие алыңдар дегендеріңді қалай түсінеміз? Ауру-сырқау емессіңдер. Өздеріңді керемет кәсіпкерлерміз дейсіңдер. Ендеше, берген ақшаларыңды қайтарып алмайтындарыңды біле тұрып, неге несие бересіңдер»? Қане, енді кім айтар, кредиторлардың өздері кінәлі емес деп?

Несие алғанына қуанып, су екеш судың да сұрауы бар деп, қарыздарын біреулер өтеп жатты. Ал, біреулер  қайыр-берекесіз несиені алғанымнан алмағаным жақсы еді ау деп, өтей алмайтын және күн сайын шектеусіз өсіп-көбейе беретін қарыздарына белшесінен бата берді. Барар жері, басар тауы болмаған соң, қарыздарын уақытында өтей алмағандардың жоғарғы жаққа шағымданудан басқа амалдары болмады.

Қарыздарын қайтарып бере алмайтындардың көмек сұраған жан айқайын Үкімет те естіпті. Лауазымды  тұлғалардың айтуынша тиісті заң жобасы кезекті де жоспарлы талқылаудан өткен соң соң қабылданады деп жатыр. Осыны естіп-көргендер, енді біздерге Үкімет тарапынан көмек көрсетіледі деп, қуанып жатыр. Иә, бұған да шүкірлік дейік.

Бірақ та … Реті келгенде айтылмаған сөз жетім дейді дана халқым. Ашық дереккөздерді қарап отырғанда, келесі мәліметке көзім түсті. 2017 мен  2019 жылдар арасында  еліміздің банктеріне Үкімет бес триллион теңгеге жетер-жетпес көмек көрсетіпті. Үкіметтің банктерге берген осы көмегін кім за ақша дер. Бұдан да бұрын банктерге көмек ретінде көп ақша беріліпті, алдағы уақытта да Үкімет оларға көмектесе берер.    Банктерге көмек бермеңдер деп ешкім де айтпас. Енді, сол банктер мен несие ұйымдарына өздеріне  қарыздар адамдарға көмек берудің кезегі келді ғой.

Адамдарды банкроттау дегеніңнің күні ертең ақ олардың өле-өлгенше құтыла алмайтын мойнындағы темір қамыты мен аяғындығы бұғау-кісенге айналмасына кім кепіл болар екен? Бір ауыз сөзбен осы заң жобасының нәтижесін айтар болсам:

Біреулер мол табар пайда,

Ал басқалар барар қайда?

Сондықтан, заң жобасына  мына адамдардың қарыздарын біржола жоюдың келесі  баптары енгізілсін:

  • қарамағында кәмелетке жетпеген және мүгедек балалары мен әке-шешесі бар;
  • бес жыл өткесін, ыстық-суық суы, кәрізі мен жасыл энергиялы жылуы мен бір гектар ауласы бар ауылдағы үйлерге көшкендердің.

Тек, осылай ғана халқымызға нағыз көмек көрсетеміз. Тек, осы ғана болашағымыздың нағыз тиімді инвестициясы болады.

Хамза Оспанов 

зейнеткер, экономист, «SHABYT» қоғамдық бірлестігі