Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров атындағы дәрісхана ашылды

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ базасында тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров атындағы дәрісхана ашылды.

Іс-шараға ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен  Айдын Айымбетов, ҚР Мәжілісінің депутаттары Сауытбек Әбдірахманов, Аманжол Әлтаев және Жанарбек Әшімжанов,  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағылан Бекбауов,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Темиржанов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Балпанов Дархан қатысты.

Елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың ғибратты ғұмырын жастарға өнеге ету  — халқымыздың игі дәстүрі.

Аталмыш дәрісханада университеттің студенттері,  магистранттар мен доктаранттар үшін үлкен жол ашылмақ. Бұл жерде ғылыми жобаларға да қатысуға мүмкіндік туып отыр.

Оқу дәрісханасында Т.О.Әубәкіровтің балалық шағынан қазіргі күнге дейінгі өмір жолының маңызды сәттерін қамтитын шағын фото көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Тоқтар Әубәкіровтің 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ» ғарыш кемесімен «Мир» орбиталық кешеніне ұшқан тарихи сәтінен мәлімет беретін ғарышкер Александр Волков пен австриялық космонавт Франц Фибектің суреттері, жеке мұрағатынан фото галерея, Тоқтар Оңғарбайұлының 1988 жылы космосқа ұшу алдындағы даярлық барысында қолданған түпнұсқадағы дулығасы (шлем), батырдың суреті бейнеленген пошталық марка, авиациялық сынақшы-ұшқыштың скафандр — костюмнің түпнұсқасы қойылды. Сонымен қатар, әлемдік классиктердің 90 шығармасынан тұратын кітап қоры сыйға тартылды. Көрмеге қойылған заттар университетке мұражай құндылықтары ретінде табысталды.

Қазақстанның әр аймағынан келген студенттер үшін батырдың есімін иеленген бұл дәрісхана дәстүрлерді ұстанған, жалынды, еңбекқор жастардың бас қосып, идеяларын дамытатын орынға айналады.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті баспасөз қызметі