Қандас студенттерге қамқорлық басты міндет!

Отандастар қорының ұйымдастыруымен 2022 жылғы 26 қазанда Семей қаласындағы Шәкәрім университеті мен Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде білім алып жатқан қандас жастармен онлайн форматта кездесу өтті.

Кездесуде Отандастар қоры қызметкері Еңлік Бердірахманова студенттерді Қоғамның негізгі жобаларымен таныстырды. Кездесудегі студенттер бакалавриатта оқитындықтан, оларды ары қарай магистратура, докторантурада білім алу мәселесі қызықтырды. Ол үшін «Стипендиялық бағдарламада» оқу мүмкіндігі туралы айтылды. Аталмыш бағдарламаға оқуға түсу үшін Қазақстандық азаматтығы жоқ этникалық қазақтар құжат тапсырып, арнайы психологиялық тесттен өтіп, маманмен сұхбаттасу арқылы грант иелене алады. 2023-2024 оқу жылына құжат тапсыру талаптары 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында жарияланады.

Бүгінде Отандастар қорының жастар алаңына айналған «Жас қазақ» ұйымы туралы төрағасы Алжан Шарипов ұйымның жобаларымен жақын таныстырып, студенттерді бірлесіп жұмыс жасауға тартты. Өз кезегінде студенттер қызығушылықтарын білдіріп, сауалдарына жауап алды. Оның ішінде жастарды ерекше қызықтырған «Киелі Қазақстан» жобасы. Жоба 2018 жылдан бастап 5 рет өтті. Биыл Абай облысында 3 күнге созылған жобаға әлемнің 10 елінен 30 қандасымыз келді. Олар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, Иран, Германия, Франция, Қырғызстан, Белоруссия, Қытай елдерінен келген қандастар. Ата топырақтарына алғаш рет ат басын тіреген қандастарымыз да болды. Атамекендеріне деген сағыныштарын жасыра алмады. Еуропа елінен келген қандасымыз елге қайта оралатынын жеткізген болатын. Жобаның басты мақсаты – шетелдегі қандастарымызға Қазақстанның киелі жерлерін көрсету, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу.
Бұл жобаға шетелдегі және елде білім алып жатқан белсенді жас қандастар қатыса алатындығы айтылды.

Қазақстанға оқуға келетін қандас жастардың сауалдарының бірі, көші-қон саласы.
Осы орайда Қоғам қызметкері Еркебұлан Меңлібаев ыхтияр хат, қандас мәртебесі, азаматтық алу мәселелері бойынша толық ақпараттармен бөлісті.