Шымкент қаласында ArtSport бағдарламасы бойынша 8 қызмет көрсетуші мемлекетке 56 000 000 залал келтірген

“Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы филиалы ағымдағы жылдың наурыз айында Республика бойынша ең алғашқы болып мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру барысындағы қызмет көрсетушілердің қызметіне, мемлекеттен бөлінген қаражатты игеру барысына мониторинг жүргізген болатын.

Шымкент қаласында мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруы 2021 жылдың шілде айынан қолға алынған. Уәкілетті орган тарапынан берілген ақпарат бойынша қазіргі таңда қала бойынша порталға 35837 бала (ваучер) тіркелген, осы балаларға 159 жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қызмет көрсетуші болып табылады, қала бойынша жалпы саны 584 үйірме бар. Мемлекеттен қаржыландырылатын бұл тегін үйірмелер 4-17 жас аралығындағы балаларға арналған.

“ASAA” Жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып жүргізген аталған мониторинг 547 заң бұзушылық анықталған болатын, бұл жалпы санының 32% білдіреді. Оның ішінде 113 яғни әр үшінші ата-ана балаларын ешқандай үйірмеге тіркемегендерін, балалары ешқандай үйірмеге бармайтынын хабарлады.

Аталған деректердің барлығы жіті тексерілу үшін экономикалық тергеу, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолданды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінен ресми жауап алынып отыр: мониторинг барысында анықталған фактілер расталуда. Атап айтқанда қызмет көрсетуші 8 кәсіпкердің кінәсі дәлелденіп, нәтижесінде мемлекетке келтірілген 56 000 000 залал анықталды. Оның 30 миллионы рәсімдік бұзушылық болса, 25 миллионы мемлекет бюджетіне қайтарылуда.
Уәкілетті органдар тарапынан басқа да кәсіпкерлердің қызметі тексерілу үстінде.

Айжан Кесебаева
“Әділдік жолы” РҚБ Шымкент
қаласындағы филиалының басшысы