Құқықтық актілер 59% өңірлерде әзірленеді

Нормативтік құқықтық актілердің сапасы бойынша жұмыс істеу қажет.

М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Ғылыми сараптама және талдау институты және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүргізудің және сарапшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындыларын сүйемелдеуінің практикалық аспектілері» тақырыбында семинар өткізді.

Семинарда Ғылыми сараптама және талдау институтының директоры, профессор, з.ғ.д. М.Ш.Қоғамов, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сараптамалық құрамы, үйлестірушінің өкілдері қатысты.

«Статистикаға сәйкес, бүгінгі таңда 6 150 құқықтық актілер жобасы жұмыс істеуде, оның ішінде 3 574 жергілікті басқару органдарының құқықтық актілеріне тиесілі, яғни нормативті құқықтық актілер жобаларының 59% өңірлік деңгейде әзірленуде», — деп атап өтті Ғылыми сараптама және талдау институтының басшысы.

Агенттік өкілінің айтуынша, олар аумақтық департаменттермен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың қорытындыларына мониторинг жүргізді. «Ақмола облысының мысалында ағымдағы жылдың 9 айында 180 нормативті құқықтық актілер берілді, оның ішінде 93% (168) сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Нормативті құқықтық актілер жобаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ең көп саны Есіл ауданында (52), Көкшетау қаласында (49), Ақкөл (34), Бұланды (32), Зеренді (25) аудандарында анықталды. Сарапшылар құқықтық олқылық, ақпаратқа қолжетімділіктің жеткіліксіздігі және басқа сыбайлас жемқорлық факторларын анықтады», — деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг басқармасының қызметкері.

Ғылыми сараптама және талдау институтының үйлестірушісі Молдабек Сырым мемлекеттік тілде ұсынылған нормативті құқықтық актілерде көптеген мәселелер бар екенін айтты: «Көбінесе қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндер бір-біріне сәйкес емес, бұл сараптама жүргізуді қиындатады. Кейде, тіпті, тармақтардың саны мен нөмірленуі әр түрлі болады, бұл сарапшылар мен аудармашылардың жұмысын қиындатады. Көбінесе сараптама тек жоба бойынша орыс тілінде жүргізіледі, ал жобаға қазақ тілінде тиісті көңіл бөлінбейді».