Білімді ұрпақ ұлт болашағы

          Тәрбие тал бесіктен… Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Тәрбие отбасынан, ата-анадан, қоршаған ортадан басталады. Жалпы алғанда, бала тәрбиесіне көптеген дүниелер әсерін тигізеді.  Ата-анасынан көргенін, іс-әрекетін баланың тәрбиені бойына сіңіруі автоматты түрде жүзеге асырылатыны, яғни балаңды тәрбиелеме өзіңді тәрбиеле, бәрібір балаң өзіңе ұқсайды дегеннен-ақ ой түюге болады. Әсіресе, баланың айналаны танып-білуіне мектеп ұстаздарының да көп әсері мол.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай: «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы-мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. «Өскелең  ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз»,- деп атап өткен болатын.

 Сондай-ақ мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың мәслесіне мән беру арқылы, ұлт тағдыры шешілетінін, ал оларға барлық жағдай жасау керектігін жеткізген еді. Бүгінде осы тапсырма мен айтылған мәселе төңірегінде  еліміздің әр өңірінде балаларға арналаған әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мұндай игілікті іс-шараларды Жетісу ауданына қарасты №129 жалпы білім беретін өзге тілде оқытатын мектептің қазақ және орыс тілі мен әдебиеті бірлестіктерінің ұйымшыл ұжымы да ұйымдастырды. Тілдер мерекесі қарсаңында «Мәңгілік ел-мәртебелі тіл» тақырыбындағы өткізілген апталық мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатып, беделін биіктетті. Аталмыш шараны өткізудегі негізгі мақсат  — мектеп оқушыларының өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру және Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу  болып табылады.

         Бір аптаға созылған тілдер күнінде тіл жанашырлары әр түрлі тақырыпта игілікті іс-шаралар өткізуге тырысты. Атап айтқанда, тілдер апталығының салтанатты ашылуында «Мәңгілік Ел-Мәңгілік тіл» атты ашық сабақ өткізілсе, пән мұғалімдерінің атсалысуымен «Қазақстан-достық мекені» тақырыбында бастауыш сыныптың балалары сурет салып өз ойларын ақ қағаздың бетіне өрнектеп түсіруге кірісті.  Ал «Ана тілім-асыл қазынам» тақырыбында эссе жазған алтыншы сынып оқушылары орыс сыныбында оқыса да, мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін түсінетіндіктерін білдіртті. Тіл білімінің атасы  — Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына ақпараттық-танымдық сабақ өткен С.Амиржанова балаларға сабақ барысында «Ахмет.Ұлт ұстазы» деген көркем фильмді көруді ұсынды. Ахмет атамыз жайлы мәлімет беруден А.Буланбаева мен Г.Ақкөз апайларымыз да қалыс қалмады. Олар да өз кезегінде «А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалаушы» деген тақырыпты оқушылардың жетесіне жеткізе түсіндіріп, көрнекілік құралдарын ұтымды пайдалана білді.

         Гауһар Қарсыбаева,

129 жалпы білім беретін орта мектеп