Қала әкімі Ерболат Досаев «Алатау» театрында айтыста

Алматы қаласы күніне орай Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен және айтыскер ақын Ринат Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Алатау» театрында 12 қыркүйекте Жәнібек Кәрменов атындағы «Ән-Алматы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, 13-і күні «Аманат» атты республикалық жыршылар фестивалі өтті. Ал 16-ы Жекпе-жек айтыс болды.

Айтысқа қала әкімі Ерболат Досаев анасымен келді. Сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты өнер саңлақтары да тамашалады. Қазылар алқасының құрамында: белгілі ақындар Серік Қалиев, Бақыт Беделхан және Мақсат Ақанов. Айтыс тізгінін Ринат Заитов ұстады. Алдымен сахнаға Абай облысынан «Мәңгілік ел – менің елім» жыр мүшайрасының жеңімпазы, «Жұлдызды жекпе-жек» айтыс шоуының көрермен көзайымы Айшолпан Тілеутай мен Орал қаласынан республикалық айтыстардың жеңімпазы Мұрадым Мирланов шақырылып, керемет көңіл-күй сыйлады. Ал Алматы қаласынан республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, Асыл домбыра – 2021 иегері Қазірет Бердіхан мен Кереку өңірінен республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, Алтын домбыра, Барыс орденінің иегері Аспанбек Шұғатаевтың айтысы ел күткендей әсер берді. Жекпе-жек айтыста Қазірет Бердіхан басым түсіп, үш миллион теңгені қанжығалады. Аспанбекке бір жарым миллион, Мұрадым мен Айшолпанға бір миллионнан бұйырды.

«Алатау» фольклорлық ансамблі, ақындардың таныстырылымы, олардың нөкерлері, декорация, жарнама және т.б. ерекше формаға құрылған.

Қала күні құтты болсын!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі