Үш жинақтың тұсауы кесілді

21 желтоқсанда Шымкент қаласындағы «Şam» әдеби шығармашылық орталығының 5 жылдық мерейтойы аясында «Шам жарығындағы кездесу» атты кеш өтті.

Кеште шығармашылық орталықтың мүшелері өлең оқып, поэтикалық жекпе-жекке шықты. Кеште үш жыр жинағының тұсауы кесілді. Атағанда, «Мәңгілік гүл», «Шах-Мат», «Икигай» кітаптары оқырмандарға жол тартты.

2016 жылдың 19 қарашасында Шымкент қаласында құрылған орталық бүгінде әдебиет сүйер жастардың басын қосатын бірлестікке айналды. Әдебиеттің түрлі жанрында шығарма жазатын жас қаламгерлердің туындыларын насихаттау, жас авторларға жан-жақты қолдау жасау мақсатында іргесі қаланған орталықтың төрағасы болып ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүндет Сейітов сайланды.

Айта кету керек, 5 жыл ішінде әдеби ұжым көптеген жетістікке жетті. Оның ішінде 7 ақын-жазушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанса, 5 ақын «Жылдың үздік ақыны», 5 жазушы «Жылдың үздік жазушысы» және бір ақын- Батырхан Сәрсенхан Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты атанды. Бұдан бөлек 4 ақын республикалық әдеби сыйлықтардың лауреаттары болды.

Кеште Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жастарға лебізін білдіріп, жаңа жинақтардың тұсауын кесті.

 

Д.АЙДАР.