Алматы қаласы мектептерінде пікірсайыс бойынша семинар-тренинг өткізілді

Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов пікірсайыс ойындарының мектеп оқушыларына деген қажеттілігін көрсетіп, барлық өңірде пікірсайыс қозғалыстарын дамыту идеясын көтеруді тапсырды.

Соған орай 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК бастамасымен және Алматы Қаласы Білім Басқармасының қолдауымен Алматы қаласының білім беру мекемелерінде дебаттық қозғалысты дамыту аясында Бостандық, Медеу, Наурызбай және Әуезов мектептерінің базасында дебатқа оқушыларды жаппай тарту, дебат клубтарын құру арқылы олардың ынтасын арттыру, сыни ойлау, коммуникация, шешендік өнер дағдыларын, логикалық дәлел, талдау, шешім қабылдау, сындарлы диалог жүргізу және т.б. мақсатында дебат қозғалысының өзекті мәселелері бойынша оқыту семинар-тренингтері өткізілді.

Алмалы ауданы №46 гимназия, №134 лицей, №67 ЖББМ және Наурызбай ауданы №200 гимназия, №186 ЖББМ, Бостандық ауданы №21 гимназия, №92 лицей, №63 ЖББМ, №70 ЖББМ мектептері базасында жүзеге асты. Семинар-тренингті пікірсайыста жеті-сегіз жылдық тәжірибесі бар, қалалық, облыстық және республикалық турнирлерде орын алған пікірсайысшылар жүргізуде.

Семинар теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады. Теориялық бөлімде пікірсайыстың маңыздылығы мен ережелері, аргументация құру, сараптама, сондай-ақ пікірсайыс тактикалары қарастырылған. Практикалық бөлімде тренирлер көрсетілім дебат ойынын көрсетіп, артынша оқушылар түрлі тақырыптар бойынша пікірталастырды. Логиканы және зеректікті дамытатын интеллектуалды ойындар ойнап, үй жұмысына атақты пікірсайысшылардың ойынын, пікірсайыс туралы фильмдерді талдады.

Көшбасшылық қабілетті дамыту мақсатында оқушылар арасында кішігірім президенттік сайлау жасап, кандидаттар шешендік пен шеберліктерін ортаға салады. Пікірсайысшы-тренерлер оқушыларға көпшілік алдында қорқынышын жеңіп, сенімді әрі нақты сөйлеудің қыр-сырымен бөлісті. Әр аудан бойынша семинар-тренингті қорытындылау үшін ішкі турнир ұйымдастырылып, қатысушылар арасынан жеңімпаз анықталады.
Қазіргі таңда орыс және қазақ лигасынан барлығы 1000-ға жуық бала қамтылды. Бұл жоба 28 желтоқсанға дейін жалғасын табады. Осы уақыт аралығында оқушылар семинар-тренинг бойынша жылы лебіздерімен бөлісіп, кері байланыс жасады. Олар алған дағдыларын түрлі салаларда пайдалану жолын түсінді. Таным көкжиегін дамытатын кітаптар мен бейнежазбалар легімен таныса отырып, мектеп бағдарламасынан тыс білім базасын жинақтады.

Тренингке қатысушылар дебат форматтарын үйренді. Алдағы уақытта Алматы қаласында ұйымдастырылатын әртүрлі дебат форматтары бойынша пікірсайыс турнирлеріне дайын.
Семинар-тренинг нәтижесі бойынша оқушылар ой еркіндігіне қол жеткізіп, “брейншторминг”, “Минто пирамидасы” әдістері арқылы креативтілік пен жаңа идеяларды туындату жолдарын үйренді, тіл тазалығын сақтап, сөзін сенімді, дәйекті жеткізе бастады.