«Алатау» театры V маусым шымылдығын жапты

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында 6 шілде күні «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен V театр маусымының жабылуы өтті.

Театрда 2022 жылғы қаңтар-маусым айларында көрермендер 64 шараны тамашалады. Солардың ішінде 3 премьера бар: 2022 жыл – Балалар жылы аясында «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған музыкалық қойылым (15, 16 ақпан күндері, режиссері – Нұржан Тутов), «Әсем әуен мен көркем қимыл» сазды би кеші (31 наурыз, режиссері – Карина Джиренбаева) және «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы (8 маусым, режиссері – Жұлдызбек Жұманбай). Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Менің пірім – Сүйінбай» дәстүрлі VI республикалық жас ақындар айтысының финалы (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Assyltas қоғамдық қоры, Оразалы мектебімен бірлесе), «Жаңа Қазақстандағы дәстүрлі өнердің театр сахнасындағы даму үдерісі» атты ғылыми-практикалық конференция (Мақсаты: Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің театр сахнасындағы даму үдерісінің көрінісін айқындау), айтыскер ақын Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кеші және т.б. өтті.

Былтыр 25 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театры Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркияның Ыстамбұл қаласында Джемал Решит Рей Консер Салонунда өнер көрсетсе, биыл 11-27 маусым аралығында Елорда, Павлодар, Екібастұз, Семей, Абай және Аягөзге гастрөлдік сапармен барды. Бұндай гастрөлдік сапарлардың Театр тарихында тұңғыш рет болғанын айта кеткен жөн.

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі