Жастарға берері мол тың жоба

Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «JAS MEDIA CLUB» атты жас журналистерге арналған жоба бастау алды. Жобаның мақсаты — қазақ тілді контентті дамытуда жас журналистердің пулын қалыптастыру, сондай-ақ олардың білімі мен дағдыларын арттыру.

Жастар жобаға соңғы 3 ай аралығында офлайн кездесу форматында семинар-тренингтер, мастер-класстар сияқты түрлі нетворкингтерге қатысты. «JAS MEDIA CLUB» жобасына кәсіби білікті журналистер спикер ретінде өз тәжірибесімен бөлісуге шақырылды. Олар өзінің бар білгенін жастармен бөлісіп, пікір алмасты.

Жобаның ұйымдастырушысы, жастар қызметкерлері қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Айдар Хамиттің айтуынша, бұл жоба елімізде алғаш рет өткізіліп отыр.

—  Медиа және журналистикаға қызығушылығы бар және бұл бағытта белсенді жұмыс жасағысы келетін жастар болса, олардың дамуына қолдау көрсету мақсатында осы жобаны дәстүрлі түрде өткізу көзделіп отыр,- дейді ол.

«JAS MEDIA CLUB» жобасы аясында жас журналистерге арналған 10 кездесуден тұратын, жалпы медиа мен журналистика, салалық журналистика, журналистикадағы құқықтық аспектілері, фотография негіздері, мультимедианы пайдалану мен блогинг, сторителлинг және аналитикалық талдау, телеарналардағы тіл тазалығы немесе редактурадағы медиа сауаттылық, жаңалық тарату, шұғыл ақпарат тарату немесе ақпарат алаңындағы тілші жұмысы және PR тақырыбын қамтитын курстар, дәрістер мен мастер-кластар өткізілді.

Жоба аясында өздерінің кәсіби тәжірибесімен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі айтыскер, ақын Серікзат Дүйсенғазы, «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің редакторы, журналист Әділбек Жапақ, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы, журналист, блогер Нұрбек Бекбау, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің баспасөз хатшысы, журналист Бердібек Хабай, «Адырна» ұлттық-этнографиялық порталының жетекшісі, кәсіби журналист Арман Әубәкір, «Құқықтық Медиа-орталық» коммерциялық емес ұйымының жетекшісі, құқық және журналистика саласындағы сарапшысы, журналист  Диана Окремова, «Astana IT university-нің» оқытушысы, диктор, журналист Богдан Петров, жастар арасындағы танымал блогер, журналист, копирайтер Бекарыстан Нұрланұлы, фотограф, «Jastar life» жастар интернет каналының фототілшісі, «Фотоөнер» ҚБ мүшесі Мейірбек Тажкуранов, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Дәулет Ізтілеуов, «TANBA» агенттігінің атқарушы директоры, PR маманы Ақсұлу Саңғали, т.б бөлісті.

Шара барысында жобаға белсенді қатысқан жастарға сертификаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жас журналисттердің медиа және журналистика саласының қыр-сырымен танысуына үлкен мүмкіндігін береді. Жоба барысында алынған білім мен дағдылар, тәжірибелер қатысушыларға өзінің кәсіби деңгейін арттыруға және журналистика саласында алғашқы қадам жасап, ары қарай дамуына септігін тигізеді.

 

 

Ұлбосын ТЫНЫШБАЙ.