«Алатау» дәстүрлі өнер театры Абай облысында

Ринат Рифхатұлы Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры төл өнеріміздің орнын айшықтай түсу, қанатын кеңге жаю мақсатында 2022 жылдың 11-27 маусым аралығында «Әгугай мен Игигай» атты халық ертегілері мен дәстүрлі әндерден құралған балаларға арналған музыкалық қойылым (2022 – Балалар жылы аясында), «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші, «Әсем әуен мен көркем қимыл» атты сазды би кеші, айтыскер ақын Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кеші, сондай-ақ «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен (премьера) Нұр-Сұлтан, Павлодар, Екібастұз, Семей, Абай және Аягөзге гастрөлдік сапарлармен баруды жоспарлаған болатын. Бұл сапардың Театр үшін тұңғыш рет екенін айта кеткен жөн. Театрдың көркемдік жетекшісі – Жұлдызбек Жұманбай.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры Нұр-Сұлтан, Екібастұз, Павлодар қалаларынан кейін 21, 22, 23 маусым күндері Семей қаласындағы Қалалық Мәдениет Сарайы мен Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында «Әгугай мен Игигай» музыкалық қойылымы, «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші және «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады. Ал бүгін, яғни 23 маусым күні Ринат Заитовтың «Мен сендерді жақсы көремін, адамдар» атты музыкалық кеші өтеді.

Хас өнерді іздейтін көрермендердің көңілдеріне нәр, әл берді деуге болады. Театр ұжымына алғыстарын білдірді. Ринат Заитов әнші, сазгер Тұрсынғазы Рахимов төсбелгісімен марапатталды.

«Ескіде қазақтың дәстүрінде ауылға сал-серілер, өнерпаздар келген кезде, базар баяны болатын. Базар ішінде хабар жеткізетін. Біз де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының атынан сол дәстүрді жаңғырту, үлгісін көрсету мақсатында базарда болдық», – дейді Ринат Заитов. Базарда Ринат Заитов арнауын, Театр өнерпаздарының әндерін халық сүйсіне тыңдады. Арты суретке түсумен жалғасып, кішігірім концерт атмосферасы сезілді.

Алатау» дәстүрлі өнер театры Абай, Аягөз аудандарына да барады. Қапы қалмаңыздар!

Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі