Ақтауда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өкілдігі ашылды

Бүгін Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдігі өз жұмысын бастады. Салтанатты шараға ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қатысты. Өкілдіктің офисі ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны — «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС ғимаратында орналасқан.

Маңғыстау облысының орталығындағы қызметтік офис батыс өңірінде жұмыс істейтін компанияларға түрлі бағытта қызмет көрсетуді көздейді. Олардың қатарында орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті билікпен, «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес және мердігерлерік ұйымдарының кәсіподақтарымен бірлесе әрекет ету, өндірістік бағдарламалардың, жоспарланған көрсеткіштердің орындалу барысы мен кен орындарын игеру ісін бақылау бар. Сонымен қатар, атаулы өкілдік тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша шараларды, еншілес ұйымдардағы еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен кадр мәселелерін үйлестіреді. Жеке және заңды тұлғалар еншілес ұйымдардың қызметіне қатысты өтініштерін, ұсыныс-тілектерін де осы өкілдікке тапсыра алады.

Өкілдіктің ашылуында сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жаңа орталықтың алдында маңызды міндеттер тұрғанынан атап өтті.

«Біз Маңғыстау облысында өңір тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар бастаманы іске асырып жатырмыз. Мұнай мен газ қорларын ұлғайту және өндіру бойынша инвестициялық жобалар қолға алынды. Демек, Ақтауда ашылған өкілдікке жүктелген міндет зор. Оған қоса, компанияның топ-менеджменті мен мамандарының дәл осы жерде жұмыс істеуі өндірістік және әлеуметтік мәселелерді жедел әрі барынша тиімді шешуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Ақтау өкілдігін ҚМГ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев басқаратын болады.
Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарасты 18 кәсіпорында 32,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал компанияның аймақта мұнай өндірудегі үлесі 43 пайызды құрайды.

Сонымен қатар Мағзұм Маратұлы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында таяу күндері техникалық режимде іске қосылатын Қаражанбас кен орнындағы суды тұщыландыру зауытына барды. Мұнда мұнаймен бірге өндірілетін қабаттық су тұщытылады. Сол арқылы «Қаражанбасмұнай» АҚ өндіріске және тұрмысқа қажетті сумен өзін толық қамтамасыз ететін болады. Бұл өз кезегінде Астрахань — Маңғышлақ магистральдық су құбырынан алатын суды өңір тұрғындарының игілігіне бағыттауға жағдай жасайды.

«Облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтуды көздейтін жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Осы орайда қойылған міндеттерді орындау жауапкершілігінің бір бөлігі «ҚазМұнайГаз» компаниясына жүктелгенін атап өту керек. Осы мақсатта компания Кендірлі кентінде теңіз суын тұщыту зауытын салуды және Астрахань — Маңғышлақ су тарту құбырын жаңғыртудан өткізіп, кеңейтуді жоспарлап отыр», — деді Басқарма төрағасы.

Мағзұм Мырзағалиев «Өзенмұнайгаз», «ҚазГӨЗ» және «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорындарының өндірістік нысандарын да аралады. Еншілес кәсіпорындардың басшылары Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында «ҚазМұнайГаз» компаниясы атқаратын әлеуметтік жобалар мен шаралардың қазіргі барысы туралы баяндады.

Бұл жоспар аясында ҚМГ-ның қатысуымен өңірде жалпы сомасы 425 млрд теңге болатын 22 жоба мен шара жүзеге аспақ. Олардың арасында кәсіпорындар тобы мен олардың мердігер ұйымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру шаралары бар.