Бақжан Махаш. «Күздің де өтті көп кеші…»

Бақжан Махаш 2000 жылы 15 желтоқсанда Түркістан қаласында туған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 4 курс студенті.

***

Көркіңе көркем қарайлауменен,
Күздің де өтті көп кеші.
Алақаныңмен бетімнен ұршы
Өзектен бірақ теппеші.

Күйімді мынау сезінер соқыр,
Ғашықпын, саған, ғашықпын.
Жолымда мыстан әжей де отыр,
Әйтсе де саған, асықтым.

Күзсің ғой сен де, күз емессің бе?
Тоңдырар қыстың мұңы кеп.
Үзіліп түскен жапырақтың да
Жүрекпен көрсең сыры көп.

Қыркүйексің сен, қазан егізің
Сіңілің кіші қараша.
Тоңдырып алма, жүрек лебізін
Үш ай да маған тамаша!

Тым жақын жаның,
Бөтен емес қой…
Тәнің де маған, сезінсең.
Күзетшің болып отырар ем ғой
Ақшамнан кейін көз ілсең.

Көктем көңілім күзді іздеді,
Жылыта алмады жаз жанымды.
Тапқаным тегі осы күз бе еді?
Сындырып кеткен сағымды.

*
Балгер

Кейде менде қателіктер болады…
Ғашық болдым хор қызына күлмейтін.
Осы жұртқа бақ та оңай қонады,
Маған неге жоламайды, білмеймін.

Гүл сыйладым, ұнатпады, қарғам-ай
Кездесуге келмесе де шақырдым.
Неге соның маңдайына, жазған-ай
Жазбағанын кештеу білдім атымның?

Көше кездім, бақтарды да тоздырдым
Ақыр соңы тапқандай боп шешімін.
Осы неге уақытымды оздырдым?
Деп балгердің қағып тұрдым есігін.

Балгер шешей мерейімді асырды
Әлгі сұлу мендік екен, шынында.
“Қыз болған соң махаббатын жасырды,
Гүліңді бер, алқа сыйла, қырында.”

деді, балгер күлімсірей жүзіме,
Мен де одан аямадым барлығын.
Сосын, сосын… түсіп алдым ізіне,
Орындауға балгерімнің жарлығын.

Балгерлерден сол күн қалды көңілім,
Санамды да билеп алды сан күдік.
Бал аштырсам күрт өзгерер өмірім,
Деп ойлаған мына мен де әңгүдік.

Бойдақ жанда ес болмасын білгендей,
Адамға не істетпейді ғаріптік?
Мен балгердің есігінде жүргенде,
Күлмейтін қыз тұрмыс құрды, жарықтық!

Балгер, балгер…
Сол күні мен түсіндім.
Балгер деген тілі майда көсем ғой.
Қате екенін кеш ұғындым ісімнің,
Тағдырымды балгер шешпейді екен ғой.

*

Кешегідей сәтті енді сезбеспін…
Сырласуға табылмастай өзге ешкім.
Жағасында сол өзеннің мен саған
Ал сен маған кездестің.

Жабырқаған көңіліміз — ескі бақ,
Содан кейін жаңаша бір кескін ап
Жүректерде бүрін жарды ақ сезім
Мұңды күндер өшті нақ.

Сезімдердің махаббат па құралы?
Құба жүзің көз алдымда тұр әлі.
Саған ғашық болғаныма расында,
Жүрегім бе кінәлі?

Санама кеп төгілгендей тәтті мұң,
Тоналғандай түндерімнің шаттығы.
Ессіз сезім жетегінде кетті ме,
Ойларымның пәктігі?

Жарасып-ақ кету бізге оңай ма?
Оралайық сол мезгілге, сол айға.
Сосын, қайта қосылайық екеуміз,
Бізге солай қолайлы, ә?!

***

Сығалау

Қиялдап жүрем шомып әр ойға,
Көруге сені құнықты жаным.
Шомылып алшы таңғы арайға
Ал мен көзімді жұмып тұрамын.

Терең ұйқыда жатасың кейде,
Көрпеңнің шеті ашық қалады.
Томпиып бетің, жеңіл ақ жейде
Бір сәтке көзім бақыт табады.

Айқасып кірпік, паңданар қасың
Ұйықта, жаным, түс көрші тәтті
Құс жастығыңа төгіліп шашың
Ернің әлемге нұр шашып жатты.

Ақ көрпе, жастық, аппақ арыңдай,
Көруге сені ілік табамын.
Бөлмеңе бір күн сенің жаңылмай,
Күшімді жинап кіріп барамын.
Уәде.

***

Алматы. Автобус. Адамдар.
Бағдаршам. Көліктер. Кептеліс
Белгісіз бағытта қадамдар
Көлденең көшелер, теп тегіс.

Мен қайда барамын, сен қайда?
Түбінде тірелер тұйық бір.
Алматы біздерді сүйе ме?
Қабағын неліктен түйіп тұр?

Ақ жауын себелеп тұр енді,
Жаяу-ақ қаланы кезейік.
Гүл алып барайын, жүр енді,
Жаңбырды жүрекпен сезейік.

Раушан, гротензий, түймедақ
Гүлге алыс, өлеңге жақынмын.
Талғамсыз жанымның күйгені-ақ,
Өлеңге талғампаз ақынмын.

Ұнаған гүлді алдым өзіме,
Тиынды он санап қолдағы.
Оттай боп басылған көзіме,
Пионым ұнаса болғаны..

***

— Такси, мені ала кетіңіз!
— Қай бағытқа?
— Көктемге…
— Наурызға ма, сәуірге ме?
— Білмеймін.
Оралмасам болғаны тек өткенге!

— Мені ала кетіңіз…
— Қай жаққа ?!
— Сіз білетін, мүмкін, қала сыртында,
Мүмкін ауылда болар..
Мейірімнен жаратылған адамы,
Жай жоқ па ?

— Жеткізіңізші мені, арманға
— Ол қайда?
— Жолын нақты білмеймін,
Карта қарасаңыз болмай ма?!
— Білсең егер өз қалаған арманыңның бағытын,
Апарайын, немесе есікті жап
Өліп жатыр уақытым!
— Қай жерге дейін жеткізе аласыз?
— Ешқайда.
— Онда сізге мінгеннен,
Жоқ секілді еш пайда.
— Жүре беріңіз!

— Такси…
Мені ала кетіңіз…