«Caspian Startup-2022»: Ақтауда Зияткерлік мектепте жаңа стартап жобалар пайда болды

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шықты, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы.

2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.

Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.

“Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымы мен жаһандық жауапкершілігін растайды, сондықтан біз «Caspian Startup-2022» байқауын әлеуметтік тақырыпқа арнадық”, –  деп атап өтті Ақтаудағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова.

Ең мықты авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да сала кәсіпқойларынан іріктелген беделді қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.

Алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобасының қатысушыларын біріктіретін Demo Day шарасы өтті. Үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірледі, келешегі зор жобалардың авторлары өз жетістіктерін көрсетіп, қорғау үшін Ақтауға келді.

Demo Day алаңында Astana HUB өткізген шеберлік сағаттар топтамасы да сұранысқа ие болды. Оқушылар бірінші шеберлік сағатта «Стартап және технологиялық кәсіпкерлік дегеніміз не?» сауалы төңірегінде білім беру бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері Назира Ізбасармен бірге ой бөлісті.

“Мен өз ортама, отбасыма оралғандай болдым”, – деді  2015 жылы елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепті бітірген Назира.

Astana HUB және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен Ақтауда өткен Caspian Startup байқауының финалдық туры қатысушылары үшін ауқымды оқыту ұйымдастырылды, интерактивті сессиялар мен мастер-класстар бизнес-коммуникациялар, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері, сондай-ақ бүгінгі заманның басты басымдықтарына арналды. Криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістеріне арналған «Шерлок Холмстың ұрпақтары» атты жоспарлы шеберлік сағаты үлкен қызығушылық тудырды.

Зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры Рустам Абилов пен Astana HUB-тың басқарушы директоры Жамбыл Махметов қол қойған меморандум NIS пен IT-стартаптардың халықаралық технопаркі арасындағы табысты ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болды.

«Dioth.tech» жобасын қорғаған Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп оқушысы Арман Жалғасбаев «Caspian Startup-2022» халықаралық байқауында жеңіске жетті. Мектеп қабырғасында республикалық ғылыми жобалар байқауы мен физика пәні бойынша желілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы болған Арман биыл Ақтөбедегі NIS-тің үздік оқушысы атанды.

Асанәлі мен Диасәлі Кәрім, Жарасар Дәулет пен Дильназ Таспулаева құрған Көкшетау қаласының жұлдызды командасы «Komek App» жобасын әзірлеп, екінші орынды иеленді.

Қола жүлде ақтаулықтардың еншісінде қалды – Рахат Абатов пен Мырзаәлі Асанов «Blind-Klavish» жобасын мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуіне арнады.

Demo Day алаңында ұсынылған жобалардың ішінде Оралдағы NIS («WEST» командасы: Адэля Шаукенева, Ернұр Насикали, Абылай Маметан, Алмас Сапаров, Азамат Оразғали) пен Шымкенттегі екі Зияткерлік мектеп құрамасының («Colight» командасы: Зинаэнур Ислам, Қадіржан Лутфуллаев, Нариман Исаев, Ақбота Сәрсембекова) стартаптары үздік деп танылды. Astana HUB Demo Day жеңімпаздарына жобаларын жүзеге асыруда қаржылық қолдау көрсетеді.

Арман Жалғасбаев, көкшетаулық команда және Ақтаудағы NIS өкілдері Диана Куванбай мен Данил Мухалев («Робот-терапевт SenimPlus» жобасы) Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранттарын иеленді. Сондай-ақ үздік жоба авторларына Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің гранттары табыс етілді.

NIS және Astana HUB-тың жазғы мектебіне Маңғыстау облысының 150-ден астам оқушысы мен мұғалімі қатысты, олар үшін стартап мәдениет және цифрлық сауаттылықты қалыптастыру бойынша тренингтер мен шеберлік сағаттар дайындалды.

«Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Дастарханның басты асы әзірленген бауырсақ-пати бизнес пен IT-саласының болашақ жұлдыздарына жаңа серпіліс пен қуаныш сыйлады.

“ozgeris.info” порталы