Алаш қайраткерлерінің еңбектері жарыққа шықты

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Алаш зиялыларының еңбектері 3 мың данамен басылып шығып, оқырман қауымға жол тартты, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо порталы.

М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде «Сенімен Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Ұрпақ тәрбиесі: өткені мен бүгіні» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шара аясында бірлестіктің «Асыл мұра» сериясы бойынша жарық көрген еңбектердің тұсаукесері өтті. Қатысушыларға Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!», Байбатыр Ержанұлының «Тұр, қазақ!», Әбілқасым Омар Арғынидың «Жатпа, қазақ» еңбектері тегін таратылды.

Кітаптың жариялану мақсаты – бірлестіктің басты миссиясы Алаш арыстарының мұраларымен үйлескендіктен, «Асыл мұра» сериясы арқылы жарыққа шыққан еңбектердің оқырманның рухын шыңдап, жігерін тасыта түсеріне сеніміміз мол. Бұл серия аясындағы асыл сөздер, халықтың сан ғасырлық асыл мұралары – саналы ұрпақ, саналы отбасы, саналы қоғам қалыптастырудың шамшырағы деп білеміз. Шараға елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Алаштанушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Алаштанушылар үш кітап та бала тәрбиесінде өте қажетті екеніне тоқталып, әсіресе мектептегі ұстаздарды қамту керектігін айтты. Зиялы қауым өкілдерінің пікірінше, елімізегі ұстаздар Алаш зиялыларының ұстанымы негізінде білім беретін деңгейге жетуі қажет.

Бірлестіктің миссиясы Алаш арыстарының мұраларымен үйлескендіктен, бірлестік асыл сөздерге тұнған еңбектер арқылы оқырман қауымның рухын шыңдауды мақсат етеді. Халықтың сан ғасырлық асыл мұралары – саналы ұрпақ, саналы отбасы, саналы қоғам қалыптастырудың шамшырағы деп сенеді.