Қызылордалық тазалықшылар автобустарда тегін жүретін болды

Бүгін Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауына келген «Қызылорда тазалығы» КММ-нің жұмысшысы Гүлайым Қарғабаева 18 жылдан бері осы қызметті атқара жүріп, қоғамдық көлікте жиі қатынайтынын және бұл қалтаға әжептеуір салмақ салатынын айтып, аймақ басшысынан көмек сұрады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Н.Нәлібаев «Қызылорда тазалығы» мекемесінің жұмысшыларының еңбегі аса жауапты әрі қиын екенін алға тартып, қала әкімі Асылбек Шәменовке 1 маусымнан бастап қоғамдық көлікте тазалықшылар үшін тегін жүру билетін енгізу қажеттігін тапсырды.

— Күннің ыстық, суығына қарамастан адал еңбек етіп, қаланың тазалығын сақтап жүрген «Қызылорда Тазалығы» ЖШС жұмысшыларына құрметіміз ерекше болуы тиіс. Таңның атысы мен кештің батысына дейін көше аралап жүретін азаматтарға барынша қолдау көрсетілуі қажет. Сол себепті, 1 маусымнан бастап бұл мекеменің барлық қызметкерлерінің қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастыру керек, — деді Н.Нәлібаев.

Мына сілтеме арқылы t.me/adyrnaportal видеосын көруіңізге болады.