ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА ӘУЕСІ

GETTY IMAGES

Соңғы бірнеше жылда кальян, сұйық никотин электронды құрылғысын шегу өте сәнді әрекетке айналды. Оның жанкүйерлерінің саны күннен күнге артып келеді. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында қалыпты құбылыс болып барады. Денсаулық сақтау министрлігінің ескертулерін елемей, аталмыш істі сүйетіндер бұл темікі шегудің зиянсыз баламасы екеніне сенімді. Сонымен қатар кальян сынды құрылғылар жас талғамай, барлығына қол жетімді затқа айналды.

ШЫҒУ ТЕГІ ҚАЙДАН?

Кальян (Шиша, Хука, Наргила деп те аталады) – буды сұйықтық арқылы сүзіп, салқындататын арнайы темекі қоспаларын шегуге арналған үлкен құрылғы. Кейінгі кездері оның өзіммен ұстап жүретін шағын баламасы да шықты. Аталмыш құрылғы XVI ғасырда Үндістанда ойлап табылып, кейін Таяу Шығыста тез таралды. Ежелгі үнділер «гашиш» деген шөпті шегу үшін кальянды қолданған. Препарат анальгетикалық әсерге ие болып, көңіл-күйді көтерген. Ерте кезде ұзақ уақыт бойы кальян шегу кезінде қауіпті заттар судың астында тұнып қалады деп ойлаған.

Негізінен кальян әуескерлері иісінің жақсы болғанынан ағзаға зияны жоқ деп ойлайды. Ол қате көзқарас. Себебі калья темекісі мен дәстүрлі темекінің химиялық зиянынан ешқандай айырмашылығы жоқ. Кальянды 45 минутта тұтыну, 20 темекіні тартқанмен тең» дейді республикалық ренгентолог маманы Тайырхан Бекполатұлы.

Негізі 2020 жылдың шілде айыннан бастап кафе, мейрамхана, бар, клуб, саябақ, көше арасында кез-келген никотин құрылғыларын шегу тиым салынған болатын. Былайша айтқанда, тек қана өзінің үйінде шегу рұқсат етіледі. Алайда қоғамдық мекемелер бұл ережені қаншалықты сақтап жүр?

Шынымды айтсам, қаулы шыққан күні құзыретті органдар басында тексеріп жүрді. Ол кездері біраз жұмыссыз қалдым. Кейіннен тексерістер тоқталып кетті. Негізі маған да, мейрамханаға да қаржылай соққы болды. Сондықтан жұмысымды жалғастырдым. Ал 21 жасқа толмаған қонақтарға кальян ұсынылмайды. Біз міндетті түрде куәлілейтін жеке құжатын талап етеміз. Бірақ мен білетін кейбір көңіл көтеру орындарында жасқа қарамай, сата береді. Себебі ақша бәріне керек. Ал оның зияны туралы ешкімге тәлпештеп отырмайсыз, ол онсыз да түсінікті дүние деп ойлаймын» деді Музафар атты кальян шебері.

АЛТЫН КӨРСЕ…

Құрылғыны 21 жасқа толмаған қонақтарға бермесе де, көшеде оның түрлі-түсті дизайндағы баламасын шегіп жүргенін көріп жүрміз. Оларға кімдер және қалай сататынын анықтап көрдік. Оны арнайы дүкенге барып, иесінен сұрастырдық. Оның айтуынша, 21 жасқа толмаған келушілерге мүлдем сатпайды екен. Кейде өтірік, куәліктерін суретке түсіріп, фотошоп арқылы жастарын өзгертіп алғысы келетіндер де бар. Сол себептен тек түпнұсқасын талап етеді.

«Көшеде бізде сататын темікі өнімдерін, кальян сияқты заттарды 13-15 жасар жасөспірімдерден көріп қаламыз. Негізінен сыртында қарапайым темекілердікі сияқты ескертулер жазылған. Басында «үлкен жасты достары арқылы алған шығар» деп мән бермейтінбіз. Кейіннен Instagram желісі арқылы заңсыз жолмен сатып жүргендерін байқадық. Себебі никотин өнімдері кеденнен өту үшін арнайы рұқсат лицензиясы талап етіледі. Ал оны қазір кез келген адам сата алады. Оны ешкім қарап та, мән беріп те жүрген жоқ. Сондықтан емін-еркін сатып алатын өнімге айналды» дейді арнайы никотин өнімдерін сататын дүкен иесі.

Осындай Instagram желісі арқылы сататын бір қызбен байланысып көрдік. Оның айтуынша, сұйық никотин құрылғыларын делдардардан, орысша айтқанда «посредниктерден» алады екен. Олардың өздері Ресей арқылы, лицензиямен алып, қалада «оптовик» ретінде кез-келген адамдарға, тіпті жасөспірімдерге сата береді екен.

Электронды никотин тұтыну құрылғылары ең алдымен қарапайым темекіні қойдыру үшін жасалған болатын. Қазір бизнес, ақша қуғандар қалай да болса сатып, қол жетімді қылып тастады. Бірақ оның зияны жоқ деп ешкім ешқашан айтпаған. Оны тарта бастаған жасөспірім өз тәуелділігін тудырып,  өкпесін жастайынан қабындыра бастайды. Сонымен қатар, электронды құрылғыларды «глицирин» деген химиялық зат бар. Ол алдымен ауыз қуысына микрожабындымен бекітіп, бактериялардың көбейуіне әкеледі.  Одан гингвит, пародонтоз сынды ауыз қуысы ауруларының туындайды. Кейін глицирин төмен түсіп, өкпенің «альвиолио» бетін қабындырып, созылмалы бронхит, ісік ошақтарының тууына әсер етеді. Қатты жөтел де глицириннің жиналып, өкпеден шықпауынан болады» дейді Тайырхан Бекполатұлы.

Өз есімін жасырған кейіпкер бізбен өзінің басынан өткен қайғылы оқиғасымен бөлісті. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін бір жыл шамасында үнемі кальян шегетін, кейіннен ол жаңа баламаға ауысып, қолда ұстап жүретін кальянды тұтынуға көшті. Ешқандай кері әсерін байқамай жүре берген. Сосын осы жас айында әдеттегідей кальян шегуге кіріседі. Бір сәтте ол өзін жаман сезініп, қалшылдай бастайды. Дене қызуы көтеріліп, құса бастайды. Кейіннен жедел жәрдем қызметін шақырып, ауруханадан бірақ шығады. Ұзақ уақыт бойы ас іше алмай, қатты арықтап кетеді.

«Негізінен кальян шегу ұзақ процесс. Кейде 20 минуттан 45-50 минутқа дейін созылуы мүмкін. Бұл жағдайда кейіпкерде никотиндік интоксикация болды. Оның салдарынан адам тіпті есін-түсінен айырылып, жарық түске, қатты дыбыстарға төзбеушілікпен аяқталуы мүмкін. Қанша жерден ұзақ шегіп жүрсе де, адам ағзасы ол темір емес. Никотин тұтыну ағзаға ақырын, бірақ қайтарымсыз кері салдарын тигізеді» деп республикалық ренгентолог маманы осы оқиғаға жауап қайтарды.

НЕГЕ ЖАСӨСПІРІМ ЗИЯНДЫ ӘУЕСІН БАСТАЙДЫ?

Негізі тәрбие мектеп пен үй ішінен етек алады. Ата-ана жұмыс басты болған соң, қазіргі заманның жаңа никотин тұтыну заттарынан хабардары да жоқ. Ал балаға құралдардың қарапайым темекідей зиян екенін түсіндіретін адам жоқ болып тұр. Мектеп тарапынан да түрлі іс-шара қолданылады екен. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Қошқарқызының айтуынша, оқушыларға никотиннің зияны, оның адам ағзасына зардабы туралы ашық сабақтар міндетті түрде өткізіледі. Мектеп инспекторы да оны қадағалап, сабақтарға қатысып отырады. Соңғы өзгерістегі «вейп» сынды құрылғыларды да ескеріп, тәрбие сағатында сөз етеді.

«Ең бірінші кезекте бала өзін үлкен екенін дәлелдегісі келіп, шеге бастайды. Көз алдында тек ересек адамдарға рұқсат зиянды әдетіне қарап, «тыйым салынған жеміс – тәтті» қағидасымен тартып көрігісі келеді. Қазіргі таңда бұл әуесқойлық блоггер сымақтардың емін-еркін өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында қолдануынан да болып тұр. Өздерінің көріп жүрген адамдарының әрекетін қайталау – баланың ертеден психологиялық түрде қалыптасқан іс-қимылы. Себебі күнделікті блогер бейнероликтер, стористер түсіру арқылы баланың сеніміне кіріп кетеді. Сонымен қатар кальян, вейптердің дизайна қарасаңызшы. Қарапайым қаламсап, флешка секілді. Сыртында заманауи стильде небір суреттер салынған. Құдды бір еш зияны жоқ, ермек үшін жасалған зат тәріздес. Қарапайым темекінің сыртындағы шынайы фото-суреттерді көрсетудің орнына, жолбарыс, арыстан секілді «мықтымын, қорықпаймын» деген мағынадағы түрлі-түсті жануарлар бейнесін қойып қойған. Бұл да енді қалыптасып келе жатқан жасөспірім мен жастар санасын улау, былайша айтқанда дизинформация. Бұл кәдімгі «жаңа бір құбылыстан қалып қойдым» деген түсінік» дейді елордалық психолог маманы Жанар Дүйсебай.

Бұл жаңадан туған әуесқойлық ел болашағы, яғни жастартың сапасын құртып, санасын улап жатыр. Қазірден батыстың әдеті мен жаһанданудың желігіне түсіп кетеміз деп, өзіміздің ұлттық болмысымыздан айырылып қалмасақ игі.

АМАНГЕЛДІ Гүлжанат