Доссор кентінде айналма жол ашылды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Доссор кенті аумағынан өтетін айналма жол құрылысының​ ашылу салтанатына қатысты.

Ұзындығы 5,6 шақырым болатын айналма жолдың құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында басталды. Жұмыстары түгелдей аяқталып, пайдалануға беріліп отыр.

— Доссор кентіндегі айналма жолдың құрылысы Доссор кенті арқылы өтетін транзиттік автокөлік ағынын азайтып, тұрғындарымызға қолайлы жағдай қалыптастырады,-деді М.Досмұхамбетов.

Сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамыту мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауда тұрғанын атап өткен аймақ басшысы Тәуелсіздік жылдары облысымыз бойынша 2200 шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөндеуден өткенін айтты. Сонымен қатар, биылдың өзінде барлығы 127 шақырым жол салынып, жаңғыртылғанын жеткізді.

Кент тұрғыны М.Үмбетқалиевтің айтуынша, айналма жол жергілікті тұрғындар үшін Тәуелсіздіктің 30-жылдығы шеңберінде ерекше тартулардың бірі болып отыр. Айналма жол кенттің ішінен ауыр жүк машиналарының өтуін тоқтатып, адамдардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруы үшін қолайлы жағдай туғызып отыр.

 

Гүләлия ИГІЛІК.