Сенатор: «Қазір университет басшылары студенттерге «қаржы түсірудің көзі» ретінде қарайды»

Бас прокуратураның мәліметі бойынша елімізде жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1,5 мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен, 2020 жылы 18-30 жас аралығындағы 4 207 жас есірткі заттарын қолданғаны үшін есепке алынған. Олардың ішінде университеттерде оқитындар аз емес.

Бұл туралы мәселе көтерген сенатор Ақылбек Күрішбаев  Үкіметті жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарының жай-күйіне назар аударуға шақырды.

— Қазір университет басшылары студенттерге «тәрбиеленуші тұлға» ретінде емес, университетке «қаржы түсірудің көзі» деп тым жайдақ қарайды. Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орындарында кадрларды дайындау қарапайым бизнеске айналып кетті. Тіпті, университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған.

Жалпы, біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылықтарымызға негізделуі керек. Өкінішке орай, соңғы кезде, әсіресе, халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымдарға еліктеу орын алуда, – деді сенатор.

Осыған байланысты Ақылбек Күрішбаев еліміздің жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының жай-күйіне сыни талдау жүргізуді және оны қоғамдағы қазіргі заманғы үрдістер мен даму басымдықтарына сәйкес сапалы жаңа деңгейге көтеру үшін қажетті шаралар қабылдауды ұсынды.

 

Бердібек ХАБАЙ.