Маңғыстауда биыл да қуаңшылық болуы мүмкін

Фото: 24.kz

Маңғыстаулықтар биыл да жауын-шашынның аздығынан қуаңшылық бола ма деп уайымдап, шаруалардың алды малын тиеп, шөбі шүйгін, суы мол басқа облыстарға  көшіп жатыр екен.

Былтыр Қазақстанның бірқатар өңірінде қуаңшылықтан жерде от болмай, жем-шөп жетіспей мыңдаған мал басы қырылды. Қырылған малдың арасында түйе де, жылқы да, сиыр мен қой да бар. Мал басының қырылуы Маңғыстау облысында көп тіркелді, деп хабарлайды “ozgeris.info” порталы  halyq-uni.kz сайтына сілтеп.

Маңғыстаулықтар биыл да жауын-шашынның аздығынан қуаңшылық бола ма деп уайымдап, шаруалардың алды малын тиеп, шөбі шүйгін, суы мол басқа облыстарға  көшіп жатыр екен.

2022 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша, Маңғыстау облысында 363,4 мың бас ұсақ мал, 113,5 мың бас жылқы, 82,2 мың бас түйе, 24,5 мың бас ірі қара мал бар.

Былтыр өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының алдында аймақты облыстан және басқа облыстардан 53 мың тонна жеммен, 77 мың тонна шөппен қамтамасыз ету жоспары болса, ол артығымен орындалыпты. Қазір облыстағы мал басы нақтыланып, жоспар жасалып жатыр екен. Одан бөлек, мемлекеттік бағдарлама бойынша мал азығы шығындарын азайтуға қаражат қарастырылыпты.

Ал, басқармадағылар Маңғыстаудағы мал басын сақтап қалу үшін биыл мынадай жоспары барын хабарлады:

  • Биыл 200 гектардан астам аумаққа жоңышқа мен жүгері өсірілмек. 
  • Өңірдің төрт түлік малын қыс мезгілінде жем-шөппен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен қаражат бөлініп, кезегімен төленіп жатыр. Әзірге 276 шаруа қожалығы мен 1487 жеке үй шаруашылығына жеке шоттарына аударылған.
  • Мал басын сақтап қалу үшін БҚО, Қостанай және Ақтөбе облыстарымен шабындық жерлерді алу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.

Басқармадағылар тек қуаңшылықтан арықтап өлген малға жергілікті бюджеттен ештеңе төленбейтінін осы бастан айтып отыр. Былтыр да сөйткен. Заң бойынша, төлем жасалуы үшін мал өлімі аса қауіпті жұқпалы аурудан болуы керек.

ozgeris.info” порталы