Елімізде 16 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейді

Қазақстанда 16 278 шетелдік азамат еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 639 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 150 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 8 115 және 825 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 197 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 352 адам тартылды.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 685 адам, Түркия – 1 977 адам, Үндістан – 1 268 адам, Өзбекстан – 1 195 адам, Сербия – 1 109 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбекмині жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота бөледі. Осы жылғы қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет Басшысының берген тапсырмасын орындау үшін Еңбекмині Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін, яғни 4 792 адамға (16%) қысқартты.